Металл экспортына тыйым салу шығынға батырып, жұмыссыздыққа әкеледі – кәсіпкерлер
2022 жылғы 15 сәуір 20:15

Металл экспортына тыйым салу шығынға батырып, жұмыссыздыққа әкеледі – кәсіпкерлер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын экспортқа шығаруға тыйым салуды Қазақстан ғана қолданып отырған жоқ. Мұндай шектеу ішкі нарықтағы аталған металдардан өнім шығаратын металлургиялық зауыттарды қажетті шикізат тапшылығын болдырмау үшін Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіретін Ресей де, Беларусь та, Қырғызстан мен Армения да талай жылдан бері қолданып келеді. Оған одақ аясында қабылданған ресми құжаттар мүмкіндік береді.

Таяуда еліміздің Индустрия және инфрақұрымдық даму министрілігі қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын экспортқа шығаруға тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылдаған еді. Шешімде түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын, сондай-ақ істен шыққан қорғасын аккумуляторларды, олардың қалдықтары мен сынықтарын көліктің барлық түрлерімен; Қазақстан Республикасының аумағынан жөндеу үшін әкетілетін және кері әкелінетін жылжымалы құрамның бұрын пайдаланылған элементтерін қоспағанда қара металл сынықтары мен қалдықтарын, сондай-ақ бұрын пайдалануда болған құбырларды, рельстерді, темір жол төсемі мен жылжымалы құрам элементтерін автомобиль және теңіз көлік түрімен шығаруға тыйым көзделген.

Жалпы, аталған шикізатты экспортқа шығаруға тыйым салу елімізде 2020 жылдан бері қолданыста. Ол әр 6 ай сайын ұзартылып отырады. Бұған дейін қара және түсті металды теміржол көлігімен және автомобильмен экспорттауға тыйым бар болатын. Енді оған жоғарыда айтқанымыздай теңіз көлігімен де экспортқа шығаруға рұқсат етілмейді. Дәл осы жайтқа байланысты «Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымы» заңды тұлғалар бірлестігі және нарық қатысушылары наразылық білдіріп отыр.

«Бұл мәселе салалық қауымдастықтардың пікірін ескерусіз қаралды. Қауымдастықтың «Атамекен» ҰКП және ҚР ИИДМ арқылы ұсынған мәселелері мен дәлелдері назарға алынбады. Тот баспайтын болаттың сынықтары мен қалдықтары шектеу іс-шараларына ұшырады. Қазақстанда сынықтар мен қалдықтардың осы түрін өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Тот баспайтын болатты үшінші елдерге экспорттау кезінде 5 пайыз мөлшерінде баж төленеді. Мысалы, бір машинада 20 тонна болса, бюджетке орташа есеппен 1 450 000 теңге түседі», - деді қауымдастықтың басқарма төрағасы Владимир Лик.

Нарық қатысушыларының айтуынша, министрліктің тыйым салуды енгізуді негіздеуге қатысты ұсынған материалдары үлкен күмән тудырады. Сондай-ақ, жалпы сала ішіндегі елеулі қайшылықтарды шешуге, Қазақстандағы ірі металлургия зауыттарының айналасында шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін ҚР-дағы металлургиялық кластердің тиімді жұмысы бойынша қауымдастық ұсынған мәселелер шешілмеген және ұсыныстары қаралмаған.

«Бүгінде елімізде металл сынықтарын жинаумен, жеткізумен айналысатын 1 мыңнан астам компания бар. Олардың шамамен 500-і сынықтарды өңдеуге және сұрыптауға арналған арнаулы жабдықтармен қамтамасыз етіледі. 50-ден 150-ге дейіні адамды жұмыспен қамтып отыр. Енді бұл адамдардың бәріне жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр», - деді Владимир Лик.

Сонымен қатар оның айтуынша, бейінді министрлік қара және түсті металл сынықтарын қайда экспорттау қажеттігін реттеп отырады әрі экспорттаушыларға шикізатты Ресей бағытында жөнелтуге міндеттеуде.

«Біз Әзербайжан, Қытай, Түркия, тіпті Өзбекстан бағытында экспортқа шығаруға рұқсат беруін сұрап отырмыз. Олар көбірек қаражат төлеуге де дайын. Бірақ олар тек бір бағытқа ғана жіберуімізді талап етуде», - деп ашынады қауымдастық басшысы.

Ал аталған ұйымның байқаушы кеңесінің төрағасы Артемий Филиппов металл экспортына тыйым салу бірқатар кәсіпорынның жабылуына, жұмыссыздықтың орын алуына түрткі болатындығын алға тартады.

«Бүгінде кәсіпкерлер осы шектеулерге байланысты кәсіпорындарын жабуға мәжбүр болады. Міне, сол кезде мемлекет жаңа проблемамен – жұмыссыздықпен бетпе-бет келеді. Кәсіпорындарымызды жапқан кезде жұмысшыларымыздың жауапкершілігін кім мойнына алады? Жалпы, Қазақстанда шамамен 2 мың компания тіркелген. Пандемияға байланысты олардың көпшілігі жабылып қалды. Қазіргі уақытта шамамен 1 мың компания жұмыс істеп, салық төлеп отыр. Жұмысшыларына жалақы төлеуде. Осы компаниялардың ішінде Батыс Қазақстандағы кәсіпордардың бәрі жабылуы ықтимал. Ал олар жұмыс істеп тұрған металл сынықтарын дайындайтын компаниялардың үштен бірін құрайды. Өйткені, батыс өңірі логистикалық тұрғыда тиімсіз», - деді ол.

Бірақ, экспортқа шектеу қою мемлекет пен металл сынықтарын дайындаушылардың арасындағы өзара іс-қимылдағы жалғыз проблема емес. Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымының мүшесі Николай Клобу отандық зауыттардың барлығы бірдей сатып алған шикізатқа төлемді уақытылы жасамайтынына қынжылады.

«Біз зауыттарымызға шикізатты жеткізуге дайынбыз. Брақ олар мынадай үш шартты мүлтіксіз орындауы тиіс: нарықтық баға, зауыттарда дұрыс қабылдап алу және төлемді дер уақытында жасау. Бұл шарттар толығымен орындалған жағдайда зауыттарымызға шикізат жеткізуде проблема болмайды. Министрлік тарапынан да заңсыз реттеу де тыйылар еді», - деді кәсіпкер.

Осы жайтқа орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүгініп, мән-жайды түсіндіруін өтінген еді. Индустриалдық даму комитетінің басқарма басшысы Жанат Игісіновтің түсіндіруінше, қазіргі уақытта отандық металлургиялық кәсіпорындарға металл сынықтары түріндегі шикізат жетіспей жатқан көрінеді.

«Сондықтан министрлік қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтары түріндегі шикізатты сыртқа шығаруға уақытша тыйым енгізеді. Министрлік бұл жайт ел экономикасына теріс әсер етпейді деп санайды. Металлургия саласы Қазақстан экономикасының басты салаларының бірі саналады. Сала жекелеген өңірлерде макроэкономикалық көрсеткішті қалыптастыруға үлкен маңызға ие. Елдің жалпы ішкі өніміндегі қара металлургия үлесі 0,63, ал өңдеуші өнеркәсіп үлесі 18,6 пайызды құрайды», - деді басқарма басшысы.

Оның атап өтуінше, қара және түсті металл сынықтары қайталама металлургия кәсіпорындары үшін негізгі стратегиялық шикізат көзі саналады.

«Металл қабылдау пунктері жабылмайды. Өйткені, металл сынықтары ішкі нарықта да сатылады. Мұның үстіне шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында министрліктің алаңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, шикі металл сынықтарын дайындайтын кәсіпорындар қауымдастығы және металлургиялық компаниялар арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат металл сынықтарын жеткізуге, олардың жеткізілімінің тұрақтылығына, жеткізілген металл сынығының көлемін төлем жасауға, олардың шарттарына, техникалық талаптарына, металл сынықтарын дайындайтын кәсіпорындарды мониторингілеуге және өзге де міндеттемелерге арналған ұзақмерзімді келісімшарт жасауды көздейді. Осы жылдың 12 сәуірінде «Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымы» ЗТБ бастама жасауымен жиналыс өтті. Онда бұл ұсыныс талқыланды және министрлік нормативтік-құқықтық актіні қабылдау барысында қаперге алды. Айта кетерлігі, министрлікте металл бағасын реттеу немесе бекітуге қатысты құзырет жоқ», - деді Жанат Игісінов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT