Моңғол президенті қазақ халқына Алтай қыранындай рух тіледі  - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу
2022 жылғы 27 наурыз 11:08

Моңғол президенті қазақ халқына Алтай қыранындай рух тіледі  - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Зейнеп Әзімбайқызы бокстан ел чемпионы атанды - Kaznews


Ұланбатыр қаласында бокстан ересектер арасындағы ел біріншілігінің финалдық ойындары өтті. Қыздар арасындағы бәсекеде 81 келі салмақта өнер көрсеткен Зейнеп Әзімбайқызы рингде қарсыласы Увс аймағының спортшысы Д. Одонзаяаны басымдықпен ұтып, ел чемпионы атанды, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Зейнеп Әзімбайқызы бұған дейін жастар арасындағы ел біріншілігінде чемпион атанған болатын. Сонымен қатар, ерлер арасындағы бәсекеде 67 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жандос Асқарұлы қола жүлдегер атанса, +92 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бекнұр Қалиұлы күміс жүлде және бұл салмақта өнер көрсеткен Ерболат Төлекұлы қола жүлдегер атанған.

Өзбекстан жүктерді Ақтау теңіз порты арқылы тасымалдайтын болады - «ӨзА»


Қазақстандағы Ақтау теңіз портының басшылығы Өзбекстандың компаниялардың жүктерін тасымалдау үшін өтінім қабылдауға дайын. «Dunyo» агенттігінің хабарлауынша, Өзбекстанның Ақтаудағы Бас консулы мен «Ақтау теңіз сауда порты» басшылығының кездесуінде осындай келісім жасалған, деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Кездесуде порт арқылы Өзбекстан өнімдерін алыс-жақын шетелдерге экспорттау мәселелері талқыланғаны айтылады.

Айта кетейік, Ақтау теңіз порты арқылы Әзербайжан, Иран, Ресей және Түркіменстанға тікелей шығу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ порт арқылы теңізден өткеннен кейін басқа елдердің аумағы арқылы Түркия мен Таяу Шығысқа шығуға болады.

Қазақтың дәстүрлі сүйек оюы өнерінің мұрагері Гімің Нұрекеұлы - «Халық Газеті»


Қазақтың сүйек оюы – автономиялық өлке деңгейіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген, көшпелілердің көркемдік мәдениетін көрсететін Қазақтың дәстүрлі халық қолөнері болып табылады. Алтай аймағы, Жеменей ауданында тұратын Гімің Нұрекеұлы сүйек оюы өнерінің үшінші ұрпақ мұрагері, деп хабарлайды Қытайдың «Халық Газеті».

Оның бұл өнерге мұрагерлік етіп, бірге дамытатын көптеген шәкірттері бар. Гіміңнің ұлы да солардың бірі. Гімің Нұрекеұлының дәстүрлі сүйек ою өнерін қалашықтағы саяхат түйіндері қолдап, тегін орындар мен жабдықтарды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар сүйек ою жұмыстарын туристік орындарда көрсетуге және сатуға мүмкіндік берген.

«Қазақтың бұл ұлттық өнері олардың отбасынің табысына ғана емес, сүйек ою өнерінің танымал болуына және дамуына жақсы ықпал етті», деп жазады Қытайдың «Халық Газеті» ақпараттық порталы.


Моңғолия президенті қазақ халқына Алтай қыранындай рух тіледі - Kaznews


Қазақ халқының көктем мерекесі – Наурыз мейрамына орай Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүх жарлық шығарып, елінің дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар азаматтарды мемлекеттік жоғары атақ, орден, медальдармен марапаттап, олардың отбасы, балаларын, туған-туыстарын құттықтап, қазақ халқына бақыт, еңбегіне табыс, Алтай қыранындай рух тіледі, деп хабарлайды Kaznews ақпарат агенттігі.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Моңғолия Президенті наурыз мейрамына орай бір қатар қазақ ұлтынан шыққан үздіктерге мемлекеттік сыйлықтармен марапаттады. Атап айтар болсақ, Моңғолия Ұлттық университетінің ғылым мектебінің биология кафедрасының кеңесші ұстазы, Ph.D., Ұлықпан Каманұлы және Налайх аудандық аға мұғалімдер қауымдастығының басқарма мүшесі Ризагүл Қалидолдойқызы «Еңбек сіңірген ұстаз» атағымен марапатталды.

«Дастан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кеңесшісі және ғылыми қызметкері Етекбай Тәтеұлына «Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілді.

Автотранспорт ұлттық орталығы директорының орынбасары, экс аймақ әкімі Ғылымхан Әйіпұлы Еңбек сіңірген экономист атанды.

Сондай-ақ, «МИАТ» мемлекеттік қазынадағы кәсіпорынның Ұшу бөлімшесінің бастығы, ұшқыш Әуез Таштуанұлы «Еңбек сіңірген ұшқыш» атағын алды.

Ал Налайх ауданының 4-ші ауылының Қоғамдық Хуралының төрағасы Рахман Жанарбек, Сонгинохайрхан ауданының «Буянт-Манал» отбасылық денсаулық орталығының дәрігері Еркежан Сейіл және «Принцесс» ауруханасының бас дәрігері Жанболат Тілеубек «Еңбек құрмет» медалімен марапатталған.


Наурыз демалысын Түркияда өткізу үшін келді - TRT


Наурыз мерекесінде берілген демалысты Түркияда өткізу мақсатымен Иранның көптеген азаматы Ван қаласына келді. Олар Түркияны сонымен бірге мұрынға эстетикалық ота және шаш егу үшін де таңдайды, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, 13 күндік демалыста Түркияны таңдаған туристер құрлық жолымен Ванның Сарай ауданындағы шекара қақпасынан кіреді. Ван қаласында қонақүйлерге жайғасқан ирандық туристер күндіз қаланың көрнекті жерлерін аралап, кешке сауда жасайды. Түнде ойын-cауыққа уақыт бөледі.

«Ирандық туристер көбіне текстиль, косметикалық өнімдер, әшекей, аяқкиім сатып алуда. Олар Түркияны сонымен бірге мұрынға эстетикалық ота және шаш егу үшін де таңдайды. Туристер үшін Ван әкімдігі мен қалалық муниципалитет басшылығы «Ван Сауда фестивалін» өткізуде. Жергілікті үкіметтік емес ұйымдар және кәсіпкерлердің де қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль 15 наурыз күнінен 29 наурызға дейін ашық», деп жазады TRT.


Қазақстан мен Өзбекстан COVID сертификатын өзара танитын болды - «ӨзА»


Өзбекстан мен Қазақстан COVID-19 екпе сертификаттарын тану туралы келісімге келді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің хабарлауынша, тараптар вакцинация сертификаты болған кезде ПТР тестінің теріс нәтижесін талап етпейді. Сондай-ақ, 5 жасқа дейінгі балалармен бірге жүреген азаматтар үшін вакцинация сертификаттары болған жағдайда ПТР тестілеуінің сертификатын көрсету талап етілмейді.

Бұл туралы осы аптаның басында Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 5 жастан асқан балалар, өзімен бірге жүреген азаматтардың вакцинация сертификаттары бар-жоғына қарамастан, ПТР тесттің нәтижесін көрсетуі керек.

Жоғарыда аталған келісім 2022 жылдың 18 наурызында күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін, Өзбекстан мен Түркия екі елдің құзырлы органдары берген COVID-19-ға қарсы вакцинацияны растайтын ресми сертификаттарды өзара танитыны хабарланған еді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT