Моңғолияда екі қандасымызға ең жоғары мемлекеттік атақ берілді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу
2021 жылғы 26 желтоқсан 13:00

Моңғолияда екі қандасымызға ең жоғары мемлекеттік атақ берілді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбек және қазақ жастары «Сайхун» фестиваліне қатысты - «ӨзА»

Сырдарияда Өзбекстан және Қазақстан жастарының қатысуында «Сайхун» фестивальі өтіп жатыр.

Форумға қатысушылар Түркі жұртының ұлы ақыны һәм шығыстың ойшыл данышпаны Әлішер Науаи мүсініне гүл шоқтарын қойды. Облыстық музыкалық драма театрының фойесінде өзбек-қазақ халықтарының тарихы мен құндылықтары туралы тұсаукесер өтіп, шара «Достық көпірі» атты концерттік бағдарламаға ұласты, деп хабарлады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, осы шарадан соң облыс әкімі, сенатор Гафуржон Мирзаев қазақстандық қонақтармен кездесу өткізді. Онда ол Сырдария ауданында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, көршілес елдермен барлық салада байланысты нығайту шаралары, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастары туралы мәлімет берді.

Кездесуден соң жас өнерпаздар екі халықтың шығармашылығынан жыр мүшәйрасын ұйымдастырып, достық сайыс өткізді.

Кездесу соңында қазақстандық қонақтарға «Достық» форумының мүсіні мен естелік сыйлықтары табыс етілді.

Қазақстан Түркияға кітап сыйлады - TRT

Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы кітапты сыйлау рәсіміне қатысты. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектерін де қамтыған қазақ әдебиетінің 200-ден астам еңбегі Президенттік Сарай Ұлттық кітапханасына сыйға тартылды, деп хабарлайды Түркия радио телевизия порталы.

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы іс-шаралары аясында Қазақстан Түркия Республикасы Президенттік Сарай Ұлттық кітапханасына сыйға тартқан қазақ әдебиетінің 200-ден астам еңбегін тапсырып беру шарасы бас қала Анкарада ұйымдастырылды.

Рәсімге Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Ұлттық Академиялық кітапханасының төрайымы Үмітхан Мұңалбаева, Президенттік Сарай Ұлттық кітапханасы басқармасының төрағасы Айхан Туғлу және басқада қонақтар қатысты.

Елші Абзал Сапарбекұлы Президенттік Сарай ұлттық кітапханасына тапсырылатын кітаптардың Қазақстан мен Түркия арасындағы әдеби және гуманитарлық байланыстарды күшейтуге, қазақ және түрік халықтары арасындағы бауырластықты бекемдеуге есе қосатынын айтқан.

Қазақстан Ұлттық Академиялық кітапханасының төрайымы Үмітхан Мұңалбаева аталмыш кітаптарды Түркияға ұсыну өздері үшін маңызды бір міндет саналатынын, сондай-ақ, Түркі тілдес елдердің берекесін бұзбай, бауырлас түрік халықтарының әдебиеті мен мәдениетін жалғастыру мақсатында екенін тілге тиек еткен.

Баяндамалардан кейін кітаптар тапсырылған.

Ежелгі Жібек жолының бойындағы әлемдегі ең үлкен кірпіш ғимарат - Parstoday

Бам қамалы - әлемдегі ең үлкен кірпіш ғимарат және Иранның ең маңызды тарихи жәдігерлерінің бірі, деп хабарлайды ирандық Parstoday ақпарат агенттігі.

Бұл үлкен тарихи кешен Керман облысындағы Бам қаласының маңындағы үлкен жартастың үстіне салынған. Қала Ахеменидтер дәуірінен бастау алады және оның маңыздылығы ежелгі Жібек жолының бойында орналасуына байланысты екен.

Ризабек Жазидолдаұлы халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты атанды- Kaznews

Ризабек Жазидолдаұлы 2021 жылғы Бейнелеу өнері саласы бойынша халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты атанды, деп мәлімдейді kaznews .

Аталған БАҚ-тың дерегінше, халықаралық «Тұран» сыйлығына Моңғолия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Молдава, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан қатарлы елдердің суретшілері қатысқан.

«Ризабек Жазидолдаұлы тақырыптық композицияларын көркемдік рәсіммен жандандырып, романтикалық туындыларында эмоциялық сезімдер бере біледі. Тарихтың бір түйінінен поэтикалық ой толғап, дерегіне үлкен философиялық, символикалық ой жүгіртеді. Образды ойлауда типтік қасиет дарытуға шебер», деп жазады kaznews.mn.

Айта кетейік, Ризабек Жазидолдаұлы Бай-өлке аймағында туған Моңғолия азаматы. Ол бұған дейін темірден түйін түйіп, алтынмен аптап, күміспен күптеп кісе-белдік, әшекейлі сырға-жүзік, болатты балқытып қанжар-пышақ жасайтын өнерімен әйгілі болған. Ризабек 1979 жылы дүниеге келген. 1997 жылы орта мектепті бітірген ол ел астанасы Ұланбатыр қаласына барып, педагогикалық университеттің көркем сурет факультетінде білім алған.

Ер жасауды кәсіп еткен қазақ – «Халық Газеті»

Нұрек Жұмаділұлы ер жасау кәсібімен айналысады, ол тек осы кәсібімен жақсы кіріс кіргізіп, өз отбасын асырап отыр, деп жазады Қытайдың people.cn ақпараттық порталы.

Қазақ ұлты атқұмар халық, соған сәйкес ат әбзелдерін жасау кәсібі де қазақ арасында жақсы дамыған. Нұрек Жұмаділұлы он шақты жылдан бері ер жасау кәсібімен айналысады. Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, ер жасау өнері Нұректің әкесінен үйренген өнері екен.

Ол күніне бір ер жасай алады, табысы да айтарлықтай жақсы. Н. Жұмаділұлы бір ерді 1300 юаньға (88 400 теңге көлемінде) сатады.

«Кейде бір айда 20 ерге тапсырыс қабылдайды. Оның ерлері аса өтімді, жасап болысымен көпшілік кезекте тұрып, алып кетеді. Бұл ата кәсібі оған табыс көзін ғана емес, бақыт пен қуаныш та ала келді», деп жазады «Халық Газеті».

Моңғолиялық екі қандасымызға мемлекеттік атақ берілді - Kaznews

Ғұн империясына 2230 жыл, Ұлы Моңғол мемлекетіне 815 жыл, Ұлт азаттық қозғалысына 110 жыл, Моңғол Халық революциясының төңкерісіне 100 жыл толуына орай Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүх жарлық шығарып бірқатар азаматтарға мемлекеттік жоғарғы атақ, орден, медаль табыстады, деп хабарлайды « Kaznews «.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүхтің жарлығы бойынша Моңғолияның Ұлттық онкологиялық орталығының кеңесші дәрігері, Еңбек сіңірген дәрігер, доктор, профессор Асай Рәмішұлына «Халық дәрігері» атағы берілді.

Сондай-ақ, Ануарұлы Нотаға Моңғолияның «Еңбек ері» атағы берілді.

Моңғолия Президентінің жарлығы бойынша нейрохирургия саласында ми қан тамырлары ауруларының диагностикасын, хирургиясын және емдеуін теориялық тұрғыда дамытып, оны тәжірибеге толығымен енгізумен қатар нәтижелерін әлемдік деңгейге жеткізгені үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек сіңірген дәрігер, доктор, профессор, даңқты нейрохирург Ануарұлы Нотаға Моңғолияның «Еңбек ері» атағы берілді.

Үшқұдықтан 3 қандасымыз халықаралық байқауда жеңіске жетті - «Үшқұдық» газеті

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің 30 жылдығына орай Халықаралық жас ғалымдар қауымдастығы мен «Бөбек» ұлтаралық қозғалысының ұйымдастырумен «Білім саласындағы үздіктер-2021», III Халықаралық кітап басылымы, ТМД жас ғалымдарының ғылымы мен жеке жетістіктерін танымал етуге бағытталған бірегей жоба қорытындыланды, деп жазады өзбекстандық «Үшқұдық» газеті.

Бұл жобаға халықаралық ынтымақтастық және ғылымды одан әрі интеграциялау аясында Беларусь, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен әр түрлі саладағы жас ғалымдар мен талапты жастар қатысты.

Аталған байқауға Өзбекстан республикасы, Науайы облысы Үшқұдық ауданы №9 мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы Балжан Рзахметова мен №2 мектептің информатика пәні оқытушысы Сарвар Қосимов өз жұмыстарын ұсынды.

Балжан Рзахметова I дәрежелі диплом, «Үздік педагог - 2021» атағымен және Сарвар Қосимов II дәрежелі диплом, «Үздік педагог - 2021» наградалық төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар №9 мектеп директоры Роза Жүсіпбекова мен №2 мектеп директоры Мерген Төрешовке «Алғыс хат» берілді.

Сонымен қатар, жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, академик, тарихшы, ғалым Манаш Қозыбаевтың туғанына 90 жыл мерейтойына орай «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Университеті КеАҚ «Foundation» факультеті «Тәуелсіздік – аманаты бабамның» атты халықаралық поэзия оқу бейне сайысын өткізді.

Сайыста Қытай, Иран, Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен 40-тан аса қатысушы бақтарын сынаған. Іс-шараның қорытындысы бойынша Үшқұдық ауданының мақтанышы, №9 Жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ферузабану Ибодова I орынды иелеген. Ферузаға Манаш Қозыбаев энциклопедиясы мен бірге қаржылай сыйлық табысталды, деп хабарлайды өзбекстандық басылым.

Қытайдың алғашқы коронавирусқа қарсы арнайы дәрісі мақұлданып, нарыққа шықты - «Халық Газеті»

Дәрі үлгілері Амбавирумаб және Ромиспирумаб сұйықтығы деп аталады.

Бейжіңдегі Цинхуа университетінде өткен баспасөз мәжілісінде Цинхуа университетінің профессоры Чжан Линьци жетекшілік етіп зерттеп, әзірлеген Қытайдағы коронавирусқа қарсы алғашқы дәрі мақұлдауға ие болып, нарыққа шыққанын жариялады, деп хабарлайды «Халық Газеті».

«Бұл Қытайдың өзінде алғашқы рет өзі зерттеп, дайындаған әрі қатаң, құпия (double blind) және плацебо-бақылау сынағынан өткен, коронавирусқа қарсы қолдануға болатын арнайы дәрісі бар болғанын білдіреді», деп жазады қытайлық БАҚ.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT