Нұр-Сұлтанда 3 465 адам арнаулы әлеуметтік көмек алады
2022 жылғы 16 маусым 12:41

Нұр-Сұлтанда 3 465 адам арнаулы әлеуметтік көмек алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 3 465 адам арнаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы әлеуметтік мекемелердің қызметін және арнайы қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Жанар Тыныбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөлім басшысының дерегінше, басқарма 10 мекеме қызметінің үйлестірушісі саналады.

Оның ішінде 6 ұйым арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрін, атап айтқанда педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтер көрсетеді.

«Арнаулы әлеуметтік қызметтермен ағымдағы кезеңде 3464 адам қамтылды. Оның ішінде мемлекеттік мекемелер - 2268 адамға, үкіметтік емес ұйымдар – 1196 адамға қызмет көрсетті», - деді Жанар Тыныбекова.

Оның айтуынша, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында зейнет жасына толған, өз бетінше қызмет көрсете алмайтын және денсаулық жағдайы бойынша стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж мүгедектер мен қарт адамдардың стационар жағдайында тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына арналған.

Ол сондай-ақ өз-өзіне қызмет көрсету қабілетін ішінара жоғалтқан және бөгде адамның қолдауын қажет ететін мүгедектерге және егде жастағы азаматтарға үй жағдайында көмек көрсетеді.

«Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ психоневрологиялық патологиясы бар, стационар және жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді қажет ететін 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына мүмкіндік береді.

Ал «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар бірінші, екінші топтағы, стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына жағдай жасайды.

«Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдардың тәулік бойы уақытша тұруына (бір жылға дейін) немесе уақытша тұруына арналған.

«Үміт» дағдарыс орталығында стационар жағдайында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары 6 айға дейін уақытша тұра алады.

«Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балалар мен 1, 2 топ мүгедектерінің тұрғылықты жері бойынша үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT