Нұрлан Әбдіров жаңадан сайланған ауыл әкімдерінің лауазымнан бас тарту себебін атады
2022 жылғы 31 мамыр 20:07

Нұрлан Әбдіров жаңадан сайланған ауыл әкімдерінің лауазымнан бас тарту себебін атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров таяуда өткен сайлаудан кейін кейбір ауыл әкімдерінің лауазымынан бас тарту себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлерді аралағындағы тағы бір мақсатымыз болды. Былтыр 25 шілдеде республикамызда 736 әкім сайланды. Олар - ауыл әкімдері. Сапар барысындағы мақсатымыз өз әкімдерін өздері сайлаған ауыл тұрғындарымен кездесу еді. Өздері сайлаған әкімге жұртшылық риза ма? Көңілдерінен шықты ма? Әлде басқа ойда ма? Әкімнен де сұрап отырдық. Осы жылдың бірінші тоқсанында 71 әкім сайланды. Қазір үсті-үсті жексенбі сайын республикамыздың барлық өңірінде ауыл әкімін сайлау өтіп жатыр. Қазір орта есеппен алғанда бір әкімнің орнына кемінде 2-3, тіпті төрт адамнан таласып жатыр, - деді ол ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен «Жастар және референдум» аты оқыту семинары барысында.

Оның айтуынша, өткен жылы шілдеде сайланған әкімдердің арасында 3, 6, 8 айдан кейін жұмысын тастап кетіп жатқандар да бар.

«Халық сайлаған, бірақ олар кетіп жатыр. Көп емес болар, алайда 71-дің 10-ы кеткен. Қандай себептер? Ауырып қалдым, басқа өңірге көшуге мәжбүр болдым, отбасылық жағдаймен дейді. Орталықта отырып сұрастырсам, дәл солай. Өңір аралығында тұрғындармен, облыстық сайлау комиссияларының төрағаларымен сөйлесіп, мынаны түйдім. Шын мәніндегі себебі өзі сайлаған халық сайлап алған әкіміне разы емес. Көңілінен шықпады. Жұмысты іліп әкете алмады. Екіншіден, әкім болған адамның қызметі ойлағанындай болмады. Әкім тәулік бойы жұмыс істейтін адам», - деді Нұрлан Әбдіров.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT