Нұрлан Ноғаев Маңғыстауда ашылған қант зауыты неге жұмыс істемей тұрғанын айтты
2022 жылғы 30 маусым 13:18

Нұрлан Ноғаев Маңғыстауда ашылған қант зауыты неге жұмыс істемей тұрғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде ашылған қант зауыты неге жұмыс істемей тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді бұл жеке кәсіпкердің атқарып отырған ісі. Өзіңіз білесіз, қандай да бір шаруаны атқару үшін бәрін жан-жақты үйлестіру керек. Біздің табиғи ерекшеліктеріміз қызылша егуге келмейді. Бірақ біз оған жоқ демедік. Сол кәсіпкер өзі қант шығаруға сырттан шикізат әкелетінін айтып, ниет танытты. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсеттік. Бизнесті қолдау шараларының аясында қаржылық, әкімшілік көмек бердік. Өзім де инвестормен бірнеше рет кездестім. Дегенмен, қазіргі таңда іс жүрмей тұр. Бұл – бизнес. Бастаған ісің жоспарлағандай жүріп кетсе, құба-құп. Өкінішке қарай, обьективті, субьективті себептер бар», - деді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ, ол Жаңаөзенде барланған мұнайдың қазіргі қоры қосымша зауыт ашуға мүмкіндік бермейтінін баса айтты.

«Бәрінің талап етіп отырғаны бір зауыт ашса, жұмыссыздардың бәрі сол жерге кіреді ғой дегенге саяды. Кей кездері бұл – мүмкін емес шаруа. Мамандардың айтуы бойынша, жерасты іздестіру жұмыстарына инвестиция салынбаса, Жаңаөзен кен орнының қоры 25-30 жылға жететінін айтып отыр», - деді әкім.

Еске салсақ, кеше ҚР Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына Маңғыстау облысындағы еңбекдаулары туралы сауал жолдадған еді.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT