Ол менің ағамдай, бір-бірімізді әрдайым қолдаймыз - Димаш Құдайберген Геннадий Головкин туралы

2022 жылғы 25 қыркүйек, 12:09
Ол менің ағамдай, бір-бірімізді әрдайым қолдаймыз - Димаш Құдайберген Геннадий Головкин туралы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әнші Димаш Құдайберген Алматыда жанкүйерлерімен кездесуде бокс пен аралас жекпе-жекті бала кезінен жақсы көретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Димаш шара кезінде жүргізушілердің сұрағына жауап бере отырып, боксшы Геннадий Головкинді қатты құрметтейтінін атап өтті.

«Геннадий Головкинді «Канеломен» жекпе-жегінен кейін құттықтадым. Ол 40-қа келгеніне қарамастан, мықты өнер көрсетті және күшті қарсыласымен 12 раунд бокстасты. Бұл сирек кездесетін қабілет және құрметтеуге тұрарлық. Гена мен үшін әрдайым чемпион. Батырымызға мықты денсаулық пен табыс тілеймін», - деді әнші.

Димаш Геннадий Головкинмен жеті жылдан бері таныс екенін айтты.

«Ол менің ағам сияқты, біз әрдайым бір-бірімізді қолдаймыз, ынталандырып, жігерлендіріп отырамыз. Геннадий сияқты еліміздің даңқын шығаратын чемпиондарымыз көп болсын», - деді ол.

Димаш Құдайберген GGG жекпе-жегінің алдында әнұран орындауды бұрыннан жоспарлағанын айтты. Жоспары орындалып, 18 қыркүйекте әнші Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегі басталмас бұрын Қазақстанның әнұранын орындап, Лас-Вегастағы T-Mobile Arena стадионында қошеметке бөленді.

Осы жекпе-жегінен кейін әнші Геннадий Головкиннің қолын алып, қолдау білдірді. «Біз үшін сен чемпионсың және чемпион болып қала бересің!!! Алға Қазақстан!» - деп жазды әнші Instagram желісіндегі ресми парақшасында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Димаш Құдайберген «Stranger» атауымен өткен ауқымды жеке концертінен кейін Almaty Arena-да фанаттарымен кездесіп, көптеген сұрақтарға жауап берді.

23 қыркүйек күні Алматыда алғаш рет Димаш Құдайбергеннің жеке концерті аншлагпен өткен болатын.


Фото: instagram.com/dimash.news


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar