Өңірлерді газдандырудың 2030 жылға дейінгі сызбасын жаңарту қажет – Смайылов
2022 жылғы 24 мамыр 14:41

Өңірлерді газдандырудың 2030 жылға дейінгі сызбасын жаңарту қажет – Смайылов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 1 шілдеге дейін Өңірлерді газдандырудың 2030 жылға дейінгі жаңартылған схемасын ұсынуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Артып келе жатқан халық саны мен өнеркәсіп саласының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін газ көлемі жеткілікті болуы керек. Сондықтан ресурстық базаны кеңейту, оның ішінде ауқымды геологиялық барлау жұмысы негізгі міндетке айналуы тиіс. Шикізат қоры, әсіресе, газдың жеткілікті көлемі нарыққа келетін әлеуетті инвесторлар үшін аса маңызды. Энергетика министрлігіне Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, 15 маусымға дейін жетілдірілген модельдік келісімшартты әзірлеу аясында газ жобалары үшін реттеушілік және фискалдық басымдықтардың түпкілікті пакетін әзірлеуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Үкімет басшысы елді одан әрі газдандыру газ тасымалдау жүйесінің деңгейі мен жағдайына тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда газ құбырлары максималды қуатында жұмыс істеп тұр. Олардың көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан жаңа нысандарды салу, ескілерін жаңғырту және жөндеу бойынша нақты жоспар болуы керек. Осыған орай Энергетика министрлігіне әкімдіктермен және Самұрық-Қазына қорымен бірлесіп, 1 шілдеге дейін Үкіметке Өңірлерді газдандырудың 2030 жылға дейінгі бас сызбасының жаңартылған жобасын енгізуді тапсырамын», - деді Ә. Смайылов.

Сонымен бірге Үкімет басшысы Президентітң елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың оңтайлы нұсқасын айқындау туралы тапсырмасын еске салды.

«Қазір екі нұсқа пысықталып жатыр. Бірі – Ресей арқылы газ тарту болса, екіншісі - «Сарыарқа» магистральды газ құбыры. Бұл - өте маңызды мәселе. Сондықтан кешіктіруге болмайды. Энергетика министрлігіне тиісті әкімдіктермен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін аталған нұсқаларға кешенді бағалау жүргізіп, келісілген шешімді енгізуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.

Бұған дейін Әлихан Смайылов Қазақстанда 1700-ден астам елді мекен немесе 11 миллионнан астам қазақстандық табиғи газбен қамтамасыз етілгенін айтқан еді.

Соңғы 5 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 35%-ке өскен.


Jańalyqtar

MURAǴAT