Онкологиялық аурулардың алдын алған жөн – қызылордалық дәрігер
2022 жылғы 19 маусым 23:45

Онкологиялық аурулардың алдын алған жөн – қызылордалық дәрігер

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында балалар арасында онкологиялық аурулар көбейіп келеді. Оның басты себебі алдын-алу шараларына өз деңгейінде мән бере бермеу. Сондықтан әрбір азамат баласының денсаулығының зор болуы үшін тұрақты түрде медициналық тексерістен өтіп тұруына назар аударғаны жөн. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Гаухар Асанова ҚазАқпарат тілшісіне айтып берген еді.

– Отыз жылдан астам уақыттан бері медицинада онкология саласында қызмет атқарып келемін. Алматы мемлекеттік медициналық институтын 1993 жылы тәмамдадым.

Сол уақыттан бері медицина саласында қызмет атқарып келемін. Қазір облыстық балалар ауруханасында онкогематолгия бөлімшесінде меңгеруші болып еңбек етемін.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында штаттан тыс онкогематологпын.

Айта кетсек, балалар арасында онкологиялық аурулардың көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Биылғы жылдың алты айында қатерлі ісік ауруларына шалдыққан 110 бала есепке алынған. Өзге де диагноздар бойынша жас өрендер тіркелген.

Біз бұған байланысты диагноздарды анықтаймыз. Емдеу шаралары негізінен Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу институтында жасалады. Диагноз сол жақта нақтыланып, емдеу шаралары кең көлемде жүргізіледі.

– Өңірде балалар арасында онкологиялық аурулардың көбеюіне қандай жағдайлар себеп болады? Бұл жөнінде маман есебінде айтар болжамыңыз қандай?

– Әрине, ол жөнінде нақты болжам айту қиын. Оған себепші болатын жағдайлар бірнеше болуы мүмкін. Бастысы ретінде аймақтағы экологиялық жағдайдың нашарлығын айтуға негіз бар. Дегенмен оны тек біздің аймаққа тән құбылыс деуге болмайды.

Қай аймақта да тұрғындар саны көбейген сайын онкологиялық аурулардың артуы заңдылық. Өзіңіз білесіз, облыста жылдан-жылға тұрғындар саны көбейіп келеді.

Сондықтан онкологиялық аурулар көрсеткішінің артуына оның әсері бар екенін ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ, бұл дерт тұқым қуалаушылық жағдайымен болуы мүмкін. Оны да жоққа шығара алмаймыз.

– Бұрынғы жылдарда мұндай ауруларға шалдыққан балалар жөнінде аз еститін едік. Өзіңіз айтқандай, оған экологиялық жағдай кері әсерін тигізіп отырған шығар.

– Оныңыз рас. Ілгеріде онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар жыл сайын тіркеле бермейтін. Қазір олардың саны жыл сайын көбейе түскені алаңдатады. Аталған аурулар 2-14 жас аралығында жиі кездеседі.

– Аталған дертке шалдыққан балалар арасында жазылып шығу деңгейі қалай?

– Әр ауруға ем жасау кең көлемде жүргізіледі. Оның оң нәтижесін де көріп жүрміз. Ем алған өрендер арасында жазылып кеткендері аз емес. Өкінішке орай, кейбір балалар көрсетілген емге қарамастан қайтыс болып жатады.

Қай ауруға да дәрігерлер қолдан келгенше ем жасайды. Әрбір науқастың ауруынан айығып кетуі үшін тынбай тер төгеміз. Жазылып шыққан өрендер – сол еселі еңбегіміздің нақты жеңісі.

– Балалар арасында онкологиялық аурулардың көрсеткішін төмендету үшін қандай іс-шараларды қолға алғанымыз жөн?

– Қай кезде де оны мүлдем жойып жіберу мүмкін емес. Десе де әрбір аурудың алдын алуға мән бергеніміз артықтық етпейді. Бұл бағытта әрбір учаске бойынша балалардың денсаулығын тексеруіміз тиіс. Осы мақсатта педиатр дәрігерлер жүйелі жұмыс жүргізсе деген ұсынысым бар.

– Мерекеге орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз қандай?

– Әдетте, дәрігерлерді адам жанының арашасы деп атайды. Сол сенімге селкеу түсірмей, өз мамандығымен барша жұртқа қол ұшын созып жүрген мерейі үстем жандарға зор табыс тілеймін. Жерлестеріме айтарым, әрбір желкілдеп өсіп келе жатқан жас өскін көлденең кеселден аман болсын деймін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT