Ораз Жандосов Цифрлық даму министріне штаттан тыс кеңесші болды
2022 жылғы 23 мамыр 14:15

Ораз Жандосов Цифрлық даму министріне штаттан тыс кеңесші болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экономист Ораз Жандосов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Бағдат Мусин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.

«Қазіргі заманда цифрландыру барлық салаларды қамтыған. Әр саланы саралап, бұл бағыт бойынша қанша дерек цифрлық нұсқада жинақталатынын және қаншасын жүйелеу қажеттігін айқындау керек. Бұл - data driven government-ке көшу жолындағы негізгі талап. Мысалы, геологиядағы ақпараттың цифрлық нұсқасын алайық. Тонналаған қағаздар сканерленді, бірақ ондағы мағлұматтарды түсіну қиын, сондықтан осы геологиялық деректерді «сөрелер» бойынша реттейтін тиісті база қажет» деп жазады министр.

Оның айтуынша, мұндай жұмыс әр сала бойынша атқарылып, жіктеліп, өзекті деректер ұсынатын дұрыс процестер құрылуы керек.

Бұл тұрғыда министрлік түрлі экономикалық саладағы қоғам белсенділерімен тығыз жұмыс істеуі тиіс. Кейде маңызды шешім қабылдау үшін тәжірибелі кісілердің кеңесі қажет боп жатады.

«Маған кез келген сәтте консультация беретін аса тәжірибелі, өзім арқа сүйейтін кісілердің бірі - Ораз Әлиұлы Жандосов. Онымен Қазпоштада жұмыс істегенде танысқан болатынмын, ол кезде тәуелсіз директор болатын және Директорлар кеңесінің төрайымы Елена Леонидовна Бахмутовамен бірге маған тәжірибелік тұрғыда көп қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар жасаған еді. Сонда құрылған корпоративтік басқарудың сауатты жүйесін осында, яғни ЦДИАӨМ-де енгізгім келеді. Сондықтан мен экономика саласының майталманы Ораз Жандосовқа штаттан тыс кеңесші болуға ұсыныс жасадым. Ұсынысымды қабыл алғаныңыз үшін алғыс айтамын» дейді Бағдат Мусин.

Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT