Өскеменде тегін үй алу үшін жалған құжат жасатқан мемқызметкер сотталды
2022 жылғы 13 тамыз 04:47

Өскеменде тегін үй алу үшін жалған құжат жасатқан мемқызметкер сотталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында тегін үй алу үшін жалған құжат жасатқан мемлекеттік қызметкер сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Прокуратурасы баспасөз қызметінің дерегінше, Өскемен қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері 2011 жылы мемлекеттен қызметтік пәтер алған. 2016 жылы ол үйді жекешелендіріп алмақ болған.

«Қызметкер 4,4 млн теңге көлеміндегі пәтердің қалдық құнын төлемеу үшін тұрғын үй комиссиясына баспананы тегін жекешелендіру құқығын беретін экологиялық куәлікті ұсынды. Тексеру кезінде белгілі болғандай, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі оған бұл экологиялық куәлікті бермеген. Ал мемлекеттік қызметкер бұрынғы Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккендер санатына жатпайды», - делінген ақпаратта.

Қалалық №2 сотының үкімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 195-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Енді ол өмір бақи мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Үкім заңды күшіне енді.

Қазіргі таңда әкімдік пәтердің қалдық құнын мемлекеттік бюджетке өндіру бойынша сот процесін жүргізуде.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT