Өзбекстанда қазақ ұлттық орталығының 30 жылдығы атап өтілді
2022 жылғы 12 маусым 14:31

Өзбекстанда қазақ ұлттық орталығының 30 жылдығы атап өтілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбекстанда Республикалық қазақ ұлттық орталығының 30 жылдық мерейтойы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан қазіргі күнге дейін көптеген ұлттардың бір аспан астында бейбіт өмір сүруге жағдай жасап, ұлтаралық қатынастарды нығайтуда 30 жыл ішінде атқарылған жұмыстармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Мерейтойға Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті құзырындағы Ұлтаралық қатынастар және шет мемлекеттермен достық байланыстары комитетінің төрағасы Рустамбек Курбанов, ҚР Өзбекстандағы төтенше және өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалды, Өзбекстандағы Республикалық Қазақ мәдени ортылығының басшысы Серік Үсенов, «Отандастар қоры» Қоры Президенті Абзал Сапарбекұлы мен Өзбекстан аудандарындағы Қазақ мәдени орталық басшылары қатысты.

Маңызды шара қазақтың Төле биі жатқан жеріне зиярат етіп, құран бағыштаудан бастау алды.

Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінде орталықтың 30 жылдығына арналған: «Өзбекстан қазақтары: экономика, ғылым және мәдениет» атты ғылыми практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияда «Орталықтың 30 жылда атқарған игі шаралары», «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ыңтымақтастықтың келешегі», «Қазақстан халықтары Ассамблеясының ұлтаралық қатынастарды дамытудағы рөлі» мен «Шет мемлекеттермен достық байланыстарда қандастардың орны» атты тақырыптар қозғалды. Сонымен қатар, Мекембай Омарұлының «Ташкент қазақтары тарихы және мәдени өмірі» атты кітап тұсаукесері өтті.

Бірқатар маңызды кездесулер өтті. Атап айтсақ, Отандастар қоры делегациясы Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті құзырындағы Ұлтаралық қатынастар және шет мемлекеттермен достық байланыстар комитеті және Өзбекстан «VATANDOSHLAR jamoat fondi» басшылығымен кездесіп, бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу талқыланды.

Қазақ мәдени орталығының 30 жылдығына арналған іс-шарада Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеттерінің қатысуымен «Білім» көрмесі ұйымдастырылды.

Мерейтой Ташкент қаласының «Түркістон» концерттік сарайында қазақ ұлты өкілдерінің көрнекті суретшілері, қолөнер бұйымдары және жазушылар кітаптарының көрмесі өтті. Екі күндік бағдарлама қазақстандық әншілердің қатысуымен өткен гала-концертпен аяқталды. Гала концертке еліміздің танымал халық әртісі Майра Мұхаметжанқызы, Ж.Шанин театрының әртістері, эстрада әншілері мен Қазына би тобы, Оркестр әртістері және Опера балет театрының балет тобы шақырылып, өз өнерлерін көрсетті.

Концерттік шара «Отандастар қоры», Шымкент қаласының әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Бүгінде Өзбекстан Республикасында 7 қазақ мәдени орталық бар: Ташкент, Науаи, Хорезм, Бұхара, Нүкіс, Сырдария. Әр мәдени орталық өзі орналасқан мекеннің атымен аталған. Сонымен қатар 360 қазақ мектебі, 20-дан аса жоғарғы дәрежелі ғалымдар қызмет етеді. 3 Мәжіліс, 2 Сенат және 500-ден аса жергілікті кеңес депутаттары бар.

Өзбекстанда бүгінде 6 бұқаралық ақпарат құралы қазақ тілінде хабар таратады.





Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT