Парижде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «дөңгелек үстел» өтеді

2022 жылғы 3 қазан, 16:18
Парижде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «дөңгелек үстел» өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парижде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «дөңгелек үстел» өтеді. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«4 қазан күні Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде көрнекті қоғам қайраткері, лингвист және жазушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «дөңгелек үстел» өтеді. Іс-шараға Қазақстан Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары, сонымен бірге Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Германиядан ғалымдар қатысады», - деді ол министрлікте өткен апталық брифинг барысында.

Айбек Смадияровтың дерегінше, сол күні опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай, «Сазген сазы» этно-фольклорлық ансамблі, халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Чотабаев, Жұбаныш Жексенұлы, Ренат Гайсин, сондай-ақ халықаралық байқаулар лауреаты Ерке Есмаханның қатысуымен салтанатты концерт болады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының 41-ші сессиясында бұл екі маңызды күн ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы күндер тізіміне енгізілген еді.

Фото: richscatering.com


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar