Павлодарда «Менің елім - Мәңгілік Ел» жастар форумы өтті
2016 жылғы 24 қараша 22:25

Павлодарда «Менің елім - Мәңгілік Ел» жастар форумы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арналған «Менің елім - Мәңгілік Ел» атты жалпыреспубликалық патриоттық акциясы өтті.

«Қоғамдық келісім» мекемесі медиа қамтамасыз ету бөлімінің мәліметінше, шараға жоғары оқу орындар мен колледж студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері, «Қазақстан алюминийі» АҚ және Павлодар мұнай-химия зауыты сынды кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген жұмысшы жастар қатысқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Өз кезегінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов Қазақстанның дүниежүзілік тұрақтылықтың орталығына айналғанын тілге тиек етті. - Ұлтаралық татулық пен ұлттық бірегейлік, бейбітшілік пен келісім - бұл біздің қоғамымыздың басты инвестициялары болып табылады, - деді ол. - Қазіргі таңда Павлодар облысы ойдағыдай дамып келе жатыр. Өндіріс орындары, жолдар, әлеуметтік нысандар мен жастарға арналған баспана құрылысы сәтті жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, облыстар бойынша Павлодар өңірінде жастарға қызмет көрсету орталығы құрылған. Бұл орталықтар өскелең ұрпақтың рухани және материалды дамуына бағытталған көптеген идеялардың генераторы болып табылады. ҚХА жастар қанатының көшбасшысы, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас сарапшысы Максим Споткай «Менің елім-Мәңгілік Ел» акциясы еліміздің бұған дейін тоғыз өңірді аралап өтіп, Павлодар қаласына келіп жеткенін атап өтті. - Эстафетаның басты символы - «Жастар жетістіктерінің кітабы» желтоқсан айының басында Мемлекет басшысына табысталады. Бүгін бұл кітапқа Павлодар жастары өздерінің жетістіктерін жазды, - деді Максим Споткай.

Айта кетерлігі, 4 қараша күні Талдықорған қаласында бастау алған аталмыш іс-шараның өткізілуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған. Акцияның мақсаты - еліміздің барлық өңірлеріндегі жастардың тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін паш ету және олардың Тәуелсіз Республикамыздың өркендеуіне қосқан үлестерін кең ауқымды көрсету. Ал «Тәуелсіздіктің 25 жылы аралығындағы «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері» атты кітап акцияның басты нышаны болып табылады. Эстафета нышанын қостанайлықтар павлодарлықтарға тапсырған болатын.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT