Премьер-Министр Орталық Азия елдері үкіметі басшыларымен ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады
2022 жылғы 16 маусым 14:21

Премьер-Министр Орталық Азия елдері үкіметі басшыларымен ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда көлемін 10 млрд долларға жеткізу туралы екі ел басшылары қойған міндетті іске асыру қос елдің үкіметінен кешенді тәсілдерді талап етеді. Алматыда өтіп жатқан Орталық Азия елдерінің ТДМ саласындағы екінші өңірлік саммиті аясында Өзбекстан үкіметінің басшысымен кездескен ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов осыған назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен кездесу барысында өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы мен транзиттік-көлік секторындағы ынтымақтастық, сондай-ақ су ресурстары саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы өзара сауда-саттық көлемінің 33%-ға артып, $4,3 млрд-қа жеткені, ал биылғы 4 айда тауар айналымы 24,5%-ға өсіп, $1,4 млрд құрағаны айтылды.

«Өзара сауда көлемін $10 млрд-қа жеткізу туралы екі ел басшылары қойған міндетті іске асыру бізден кешенді тәсілдерді талап етеді. Ол үшін Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық әлеуеті жеткілікті. Осындай тұрақты кездесулер қазақ-өзбек қатынасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп санаймын», - деді Әлихан Смайылов.

«COVID-тен тыс жерде – Орталық Азияны әділдік негізінде қалпына келтіру жолында» тақырыбындағы Тұрақты даму мақсаттары бойынша екінші өңірлік саммитте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қырғызстан және Тәжікстанның Үкімет басшыларымен де екіжақты кездесу өткізді.

Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаровпен кездесу аясында сауда және инвестициялар, аграрлық сектор мен су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қатысты екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды.

«Қырғызстан – өңірдегі негізгі саяси және экономикалық әріптестердің бірі. Бүгінде екі ел арасындағы екіжақты байланыстар барлық салада табысты дамып келеді», - деді Әлихан Смайылов.

Келіссөз барысында өзара саудада белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді арттырып, оң динамиканы сақтау және тауар айналымын ұлғайту қажеттігі аталып өтті.

Тәжікстанның Премьер-Министрі Кохир Расулзодамен кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, АӨК-те бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ өнеркәсіп пен су саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов Қазақстанның Тәжікстанмен ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Екі елдің Үкіметі қойылған міндеттерді табысты орындап келеді. Бірлескен шаралардың арқасында 2021 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 есе өсіп, 1,1 млрд долларға жетті. Енді алдымызда бұл көрсеткішті 2 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты тұр. Ол үшін бізде қажетті ресурстардың бар екеніне сенімдімін», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Еске сала кетейік, Алматыда «COVID-тен тыс жерде – Орталық Азияны әділдік негізінде қалпына келтіру жолында» тақырыбында Тұрақты даму мақсаттары бойынша екінші өңірлік саммиті өтіп жатыр. Саммитті ҚР Үкіметі Еуропалық одақ пен Азия даму банкінің қаржылық қолдауымен және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен әріптестікте ұйымдастырды.

Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT