QazTrade кәсіпкерлерді «Ақылды экспорт 2.0» бизнес-практикумына шақырады
2022 жылғы 15 маусым 16:38

QazTrade кәсіпкерлерді «Ақылды экспорт 2.0» бизнес-практикумына шақырады

QazTrade академиясы отандық тауар өндірушілерге үш деңгейлі оқу бағдарламасы – «Ақылды экспорт 2.0» бизнес-практикумын кәсібін енді бастаған, жұмыс істеп тұрған және тәжірибелі компанияларға ұйымдастырады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылатын іс-шара 2022 маусым, тамыз және қазан айларында өткізіледі. «Ақылды экспорт» бизнес-практикумының мақсаты – отандық компаниялардың экспорт қызметін жүзеге асыру барысындағы құзыретін арттыру. Онлайн және офлайн форматында өтетін оқыту барысында 200-ден астам компания экспорт саласындағы өзекті тақырыптарды қамтитын 12 вебинарда құзыреттерін арттырады. Әрбір вебинар практикалық сабақтардан тұрады және сәтті кейстердің мысалдарымен сүйемелденеді. Бұл әрбір қатысушының алған білімі мен дағдыларын тиімді игеруіне кепілдік береді. Сонымен қатар Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында 3 көшпелі семинар болады.

Бизнес-практикумның бастапқы деңгейі 20-24 маусым күндері өтеді. Іс-шара барысында Әлішер Махмудов қазақстандық тауарлар мен қызметтерді әлеуетті сатып алушылармен келіссөздерді B2B форматында өткізуге қалай дайындалу керектігін жете түсіндіреді. Ал Манас Гиждуаниев пен Дәурен Хасенов қазақстандық компанияларда ESG әдістерін енгізу мүмкіндігі жайында сөз қозғайды. Мұнан бөлек Даур Чигамбаев экспорттаушыларға пайдалы ақпараттарды қайдан алуға болатындығын үйретсе, Камила Оразалина Incoterms жеткізу шарттары мен экспорттық келісімшарттар туралы сөз қозғайды.

Жалпы, вебинарлар мен семинарлар барысында спикерлер мен сарапшылар экспорттық қызмет жүргізу мүмкіндіктерімен қатар тосын кедергілер жайында айтып, оларды шешу жолдарын ұсынады.

Ал орташа деңгей 2022 жылдың 1-10 тамыз, тәжірибелі деңгей 1-10 қазан күндері өткізіледі.

Көшпелі семинарлар 20 маусым, 15 тамыз және 15 қазан күндеріне жоспарланған. Біріншісі 20 маусымда Алматы қаласында ұйымдастырылады. Іс-шара барысында сарапшы Ринат Ақбергенов «Кедендік рәсімдеу: «Астана-1» ақпараттық жүйесінің теориясы және тәжірибе» тақырыбында сөз сөйлеп, семинар қатысушыларына тарифтік емес реттеудің қолданыстағы іс-шаралары аясында экспорттың кедендік процедураларымен таныстырады.

Бағдарламаға қызығушылық танытсаңыз келесі сілтеме арқылы тіркеліңіз - http://smartexport2022.qaztrade.org.kz/

«QazTrade» АҚ – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы және шикізаттық емес өнімнің экспортын дамыту мен ілгерілету жөніндегі негізгі институт саналады және қызметтер мен мемлекеттік қолдау іс-шараларының кең спектрін ұсынады.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT