Референдум демократиялық өзгерістер жүйесін жетілдіре түседі – ресейлік сарапшы
2022 жылғы 5 маусым 20:06

Референдум демократиялық өзгерістер жүйесін жетілдіре түседі – ресейлік сарапшы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда өтіп жатқан республикалық референдум демократиялық өзгерістер жүйесін жетілдіре түседі. Бұл пікірді Ресей орталық сайлау комиссиясының мүшесі Эльмира Хаймурзина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің әжем бар өмірін Қазақстанда өткізген және осында жерленген, ол «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деп үнемі айтып отыратын. Ресей Федерациясы үшін Қазақстан – ең жақын көрші. Қазақстан мен Ресей арасында әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы жатыр және менің ойымша, ең ізгі қарым-қатынас бар. Осы референдумнан кейін Қазақстан анағұрлым демократияшыл бола ма деген сұраққа келсек... меніңше, Қазақстан соңғы 30 жыл бойы – КСРО трансформацияланып, әлемнің геосаяси картасында жаңа мемлекеттер пайда болған сәттен бастап демократиялық модель құрып келеді. Меніңше, бұл референдум осы елде болып жатқан демократиялық өзгерістер жүйесін одан әрі жетілдіре түседі», - деді ол Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында.

Спикер өзінің Солтүстік Қазақстан облысының тумасы екенін атап өтті.

«Қазақстанда әрқашан бостандықсүйгіш, мықты адамдар өмір сүрген, олар нені қалайтынын және қалай өмір сүргісі келетінін нақты түсінеді. Бүгінгі референдумға да Қазақстанның кәсіби және жауапты дайындалғанын атап өткен жөн», - деді Э. Хаймурзина.

Айта кетейік, сағат 18.00-дегі жағдай бойынша елімізде референдумда 7 624 641 адам дауыс берген. Бұл - тізімге енгізілген азаматтардың 65,04 пайызы.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT