Салт атты саяхатшылар Бозоқтан Ботайға дейін экспедицияға шықты
2022 жылғы 11 маусым 17:41

Салт атты саяхатшылар Бозоқтан Ботайға дейін экспедицияға шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ат туризмін қолдаушы шабандоздар Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының киелі жерлеріне саяхатқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Жеті күндік экспедицияның мақсаты – Бозоқ қалашығы мен Ботай мәдениеті сынды жалпыұлттық маңызы бар археологиялық ескерткішін танымал ету, сондай-ақ Қазақстан аумағында экологиялық туризмді ілгерілету.

«Осы далада адамзат алғаш рет атты қолға үйретті. Ботай мәдениеті – сол ұлы өркениеттің бастауы. Бозоқ қалашығы – еңселі елордамыздың алтын тамыры. Бұл жерде ұлттық парк құру арқылы біз көне тарихымызды жас ұрпаққа насихаттаймыз. Мәдениет және спорт министрлігі ашық аспан астындағы ұлттық музей құрылысын кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздейді. Алдағы уақытта да «Бозоқ» музей-қорығының жұмысы жандана береді. Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының арасын атпен жүріп өтетін экспедицияның мәні ерекше. Осындай іс-шаралар арқылы атқа мінуді насихаттаймыз, тарихымызбен танысамыз, эко-туризмді дамытамыз. Экспедицияны ұйымдастыруға үлес қосқан баршаңызға алғыс айтамын»

, – деді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Айта кетсек, Бозоқ – Қазақстанның қазіргі астанасы аумағында орналасқан, 1250 жылдық тарихы бар көне қалашық. Кезінде Бозоқ арқылы Ұлы Жібек жолының сауда тармақтары өткен.

Ал, Ботай – ертедегі Еуразия жылқы өсірушілерінің бірегей қонысы. Бұл мәдениеттің өмір сүру уақыты б.ғ.д. V-IV ғасырларда өтті. Онда жүргізілген зерттеулердің тарихи маңызы – жылқыларды қолға үйретудің жер жүзіндегі бірден-бір орталығы Қазақстан екенін дәлелдейді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT