Сарапшылар пікірі: «Саяси реформа жасалмай, тұрмыс түзелмейді»
2022 жылғы 1 сәуір 16:14

Сарапшылар пікірі: «Саяси реформа жасалмай, тұрмыс түзелмейді»

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл 16 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы елде саяси реформа жүргізу, мемлекеттің басқару үлгісін өзгерту, сондай-ақ халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, бірқатар өңірдің ахуалын түзеу мақсатында әкімшілік-аумақтық құрылымдарды жетілдіру керегін атап өтті. Жалпы, бұл жолғы жолдауда ел арасында айтылып жүрген мәселелерге баса назар аударылды. ҚазАқпарат сарапшы мамандардың пікірін топтастырды.

«Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Саяси сілкініс мемлекеттің серпінді дамуына ықпал ететінін сарапшылар да құптайды. Мәселен, саясаттанушы Дос Көшім экономика мен саясат қатар дамымай, мемлекеттің алға басуы мүмкін емес екенін айтады.

«Біздің түсінігіміздегі саяси реформа – әділетті орта орнату, яғни соның жолдарын қалыптастырып, азаматтық қоғамның принциптерін ілгерілету, демократиялық институттар құру. Бұл дүниелер орнықпай, экономиканың да, мемлекеттің де дамуы мүмкін емес. Кезінде «бірінші – экономика, екінші кезекте – саяси реформа» деп айтылды. Бұл дұрыс емес еді. Қоғамда бәрі бірдей дамуы керек. Айталық, әуелі адамның басы шығып, үш жылдан кейін қолы, төрт жылдан соң аяғы өспейді ғой. Сол сияқты. Біз саяси реформа жасау жағынан кенже қалдық. Сондықтан, Мемлекет басшысының осы мәселеге баса назар аударғанына қуаныштымыз. Ендігі іс - сол реформаның жан-жақты, түбегейлі қарастырылып, жүзеге асырылуы», - дейді саясаттанушы.

Халық негізінен әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға қатысты бағыттарды көбірек күткен сыңайлы. Әлеуметтік желідегі жазбаларға көз жүгіртіп, осыны аңғардық. Оның үстіне, әлемдегі геосаяси жағдайдың әлеумет әлеуетіне әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі. Алайда, Дос Көшім әділетті қоғам керек екенін айтады.

«Шынын айтқанда, біз саяси реформаны 25 жылдай күткен шығармыз. Халықтың көбі күнкөріс қамын ойлағандықтан, әлеуметтік-экономикалық реформаларды қажетсінетін болар. Тағы да қайталап айтамын, саяси реформа жасалмай, тіршілік түзелмейді. Халыққа әділетті қоғам керек. Әділетті қоғамның негізі саяси реформадан шығады. Сондықтан жолдауда саяси реформаларға баса назар аударылғаны көңілге жұбаныш сыйлайды», - деді ол.

«Аманат» партиясы Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди «саяси реформасыз экономиканың табысты болуы мүмкін емес» деген пікірге қатысты мынадай ой айтады: «Мемлекет басшысы экономикалық және саяси қайта құрулар қатар жүруге тиіс деген формуланы ұсынып отыр. Өйткені, қандай да бір экономикалық реформалар жасалғанымен, саяси жүйе дұрыс жолға қойылмаса, ол тек іште ғана емес, әлемде де бәсекеге қабілетті бола алмайды. Сондықтан, әр азамат өзін экономикалық және саяси тұрғыдан дамыта алатын Екінші республикада Президент бәсекеге қабілетті, ойын ережесі тең болатын қоғамды ұсынды».

Сонымен қоса, Ерлан Ахмеди Жаңа Қазақстан – Екінші республикада жастарға, жас таланттарға мүмкіндіктер көп болатынына сенім білдірді. «Жаңа, бәсекеге қабілетті қоғам әділ әрі жастарға өзін көрсетуге тең мүмкіндіктер береді. Дарынды адамдардың елде қалуына, шетелге кеткендердің қайта оралып, ісін одан әрі дамытуына жағдай жасайды. Сондықтан, бұл жастар үшін өз елінен кетпей-ақ, әділ қоғамда талантын танытуға, дамуға, жеке және қаржылық табысқа жетуге үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Меніңше, Жаңа Қазақстан – Екінші Республика жастардың болашағына, дамуына серпін береді», - дейді ол.

Екінші республика демекші, бұл - Президент енгізген жаңа түсінік. Алматыда халықты Наурыз мейрамымен құттықтауы кезінде айтылды. Екінші республика құру туралы мәлімдеме - қызу талқыланған тақырыптың бірі.

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бұл түсінікті Президент бастама еткен саяси реформаларды жүзеге асырумен байланыстырды. Оның пайымдауынша, Жаңа Қазақстан – қоғам мен ұлттың жаңаруы болса, Екінші республика – мемлекеттік модельдің жаңаруы. Ал, Ерлан Ахмеди бұған дейін қоғамда демократиялық реформалар жасауға қатысты пікірлер айтылып жүргенін, сондықтан да осы жолдауда саяси жүйені демократияландыру туралы шешім қабылданғанына тоқталды. Басқару формасының өзгеруі әлемдік тәжірибеде бар екеніне назар аударды. Мәселен, Франция 1958 жылы Шарль де Голль тұсында басқару формасын парламенттіктен президенттікке ауыстырған.

«Жалпы, бұл процесс 80-90 жылдардың соңында басталып, сәтті жалғасын тауып отыр. Сол жылдары негізі қаланған дүниелер әлі де өміршең. Мысалы, Корея саяси және экономикалық тұрғыдан біраз табысқа жетті. Польшада коммунизмнен демократияға идеологиялық трансформация болды. 1974 жылы Грекия парламенттік басқару формасына көшті. Демек, республикаға бөлінуді әр ел өзінше түсінді: біреу басқару формасын өзгертті, біреу идеологиялық өзгерістерге басты назарға алды. Меніңше, Екінші республика деген - суперпрезиденттік биліктен күшті парламенті бар басқаруға көшу, яғни бізде де басқару формасы өзгеріп жатыр», - деді ол.

Ал саясаттанушы Дос Көшім әлі де сарапшылар қауымы талқылауға тиіс мәселелер бар екенін атап өтті.

«Біраз нақты дүниелер көтерілді. Партия құруға қатысты жеңілдіктер, мәселен, тіркеу кезінде адам санын 20 мыңнан 5 мыңға дейін түсіру керек деген мәселелер де бар. Мен оған қуаныштымын. Дегенмен, сайлауға қатысты жалпылама айтылды, нақтылық болған жоқ. Бірақ оны жұмыс тобы, сарапшылар қарап, жасауы керек. Демек, әлі әрі қарай қандай өзгерістер болады? Конституцияға қандай түзетулер енгізіледі? Соны күтіп, кейін қорытынды шығаруымыз керек шығар», - деді саясаттанушы.

Президент мәселенің басын ашып, бағытты айқындады. Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау мақсатында 10 негізгі бағыттан тұратын Жалпыұлттық жоспар да әзірленді. Мемлекет басшысы Жолдауды іске асыру жөніндегі іс-шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын да атап өткен жөн.

Назерке Сүйіндік

Сурет: qazaquni.kz

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT