Сарапшылар Жолдау туралы: Халықтың  көкейінде жүрген мәселелер шешімін тапты
2022 жылғы 3 сәуір 10:42

Сарапшылар Жолдау туралы: Халықтың көкейінде жүрген мәселелер шешімін тапты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы 16 наурыз күні «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Онда парламенттің рөлі, сайлау жүйесін жетілдіру, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын арттыру сияқты бағыттар қамтылған. Осы орайда, жолдауға қатысты сарапшылардың пікірін білген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеушісі Аян Сакошев Жолдауда бұл жолы кең көлемде реформалар жарияланғанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл реформалар ел дамуының жаңа сатысын көрсетеді. Сондай-ақ ол барлық процесті демократизациялау арқылы қоғам алдында ашықтық және есептілік принципі қалыптасатынын атап өтті.

«Жолдауда мемлекет басшысы өзінің өкілеттігін біртіндеп қысқарту арқылы Парламенттің рөлін арттыру керек екенін айтты. Мұндай жағдайда Парламентке қоғам тарапынан бақылау да күшейеді. Орталық деңгейдегі органдардың жұмысына және жергілікті деңгейдегі өзін-өзі басқару органдарының мәртебесін көтеру бойынша да реформалар жасалады», - деді Аян Сакошев.

Ол бұл Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының әрі қарай жүзеге асқанының дәлелі – жаңа облыстардың пайда болуы екенін атап өтті.

«Семей, Жезқазған, Талдықорған қалаларының жағдайын өңір тұрғындары бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Қалалардағы инфраструктураны дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту да күн тәртібіндегі мәселелердің қатарында. Бұл қалаларда миграциялық сальдоның күшейіп жатқанын тағы көріп отырмыз. Көбінесе жастардың, әсіресе талантты кадрлардың қоныс аударып жатқанын да өзекті проблема ретінде атауға тиіспіз. Сондықтан облыс орталығы мәртебесін бергеннен кейін, олардың жеке аймақ ретінде дамуына және қаланың қайта гүлденуіне мүмкіндік беретін механизмдер жасалады деп ойлаймын», - деді қоғамдық даму институтының зерттеушісі.

Сарапашының сөзіне қарағанда, биылғы маусым айынан бастап аталған өңірлер жеке облыс ретінде белгіленетін болады. Яғни олардың жеке бюджеті нақтыланады, жеке басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік органдар ашылады. Бұл аймақтағы жалпы халықтың өз өңірін дамытуына атсалысуға жағдай жасайды.

«Аталған қалалардың облыс орталығына айналуы өңірге инвестиция тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашады», - деп толықтырды ол.

Аян Сакошев Жолдауда көрсетілген тағы бір өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруды сөз етті. Оның айтуынша, кейбір мемлекеттік органдардың басшылары бірқатар жауапкершіліктен, қазіргі кезде туындаған әртүрлі мәселелерден қашып отыр. Сондай-ақ белгілі бір шешімдер шығарылып, құжаттар қабылданғанымен, түсіндірме жұмыстары дұрыс жүргізілмейді.

«Біз, осы орайда мемлекеттік органдардың бюрократиядан алшақтап, олардың нақты мәселелерді шешумен айналысу керектігін айтуымыз керек. Олар қоғам мен Парламент алдында қабылданған әртүрлі шешімдер бойынша жауап берулері тиіс. Яғни басшылық лауазымдағылардың жауапкершілігі қаралу керек. Ал өңірлік деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдар мәслихаттың алдында нақты жауап беруі қажет», - деді ол.

Сарапшының пайымынша, уақыт өте келе мемлекеттік органдардың, шенеуніктердің берген уәделері негізінде нақты сұраулар жүргізілетін болады. Бұл халық атынан сайланған депутаттардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Осылайша, депутаттардың жауапкершілігі артады. Сондықтан бұл жүйені қолдаймыз. Азаматтық қоғам бұл сайлау жүйесіне дайын», - деді ол.

Ал саясаттанушы Самат Нұртаза Президент Жолдауында айтылған елімізде жаңа үш облыстың пайда болуы қалалардың дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына алып келеді.

«Өзім Семейдің тумасы болған соң, біз үшін бұл ерекше Жолдау болды. Сондықтан да Мемлекет басшысына алғыс білдіремін. Қасым-Жомарт Кемелұлы Семей, Жезқазған, Талдықорған аймақтарындағы халықтың көкейлерінде жүрген проблеманы шешті деп ойлаймын. Енді, ең бастысы аталған өңірлерге жанашыр, іскер, сол өңірлердің жағдайын жақсы білетін азаматтар әкім болып келуі керек»,- деді сарапшы.

Президент биылғы Жолдауында өзінің өкілеттігі кезінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынған болатын. Бұны Самат Нұртаза нағыз демократиялық қадам деп есептейді.

«Жолдауда Мемлекет басшысы өзінің партиядан кетуі керектігін білдіріп, әкімдер де кетсе дұрыс болар еді деген месседж жасаған болатын. Менің ойымша, бұл – нағыз демократиялық қадам. Осылайша бүкіл партиялар тең дәрежеде болады, тең дәрежеде іс-әрекет жасайды. Бұл келесі сайлаулардың ашық әрі демократиялық түрде өтетіндігіне сенім туғызады», - деді саясаттанушы.

Сарапшы үш облыс пайда болуына байланысты, яғни оларды дамытуға қосымша қыруар қаражат кетеді деген пікірлерге қатысты ойын тарқатты. Оның сөзінше, облыстарды дамытуға жұмсалатын қаражат сол жердегі тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға да септігін тигізеді.

«Біз кезінде Азиада, Экспо сияқты мегажобаларға миллиардтап қаржы жұмсаған мемлекетпіз. Соны ұмытпау керек. Осы тұрғыдан алғанда, бұл үш облыстың пайда болуы, оны көркейтуге қаражат бөлінуі жергілікті халықтың тұрмыстық ахуалын көтеруге септеседі. Демек, сол аймақтардағы тұрғындардың күткенін Президент естіп, көңіл бөліп, халықтың ішіндегі қалауын орындады. Сондықтан ондай игі іске қаражатты аямау керек. Кейін оның қайтарымы болады. Ертеңгі күні ол өңірлерге де көбірек инвестиция тартылып, кәсіпорындардың дамуына жол ашады. Осы жағынан алсақ, үш қалаға облыс орталығы мәртебесін беру тиімді болмақ», - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, осыдан екі аптадай уақыт бұрын Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Президент Жолдауында айтылған саяси өзгерістер мен әлеуметтік-экономикалық іс-шараларды жүзеге асыру үшін 10 негізгі бағыттан тұратын Жалпыұлттық жоспар әзірленгенін хабарлаған болатын. Кейін Мемлекет басшысы Жолдауды іске асыру жөніндегі іс-шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.


Венера Жоламанқызы


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT