Сауд Арабиясы Қазақстаннан 3 мың адамға қажылық парызды өтеуге рұқсат берді
2022 жылғы 12 мамыр 09:51

Сауд Арабиясы Қазақстаннан 3 мың адамға қажылық парызды өтеуге рұқсат берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстаннан қажылық парызды өтеуге 3 мың адамға рұқсат берілді. Осындай келісім Сауд Арабиясы Корольдігінде (САК) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесуінде жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде биылғы қажылықты ұйымдастыру мәселелері сөз болды.

Наурызбай қажы қазақстандық қажыларға барынша қолайлы жағдай жасау бойынша өз ұсынысын жеткізді. Оның ішінде ең маңыздысы қажыларды жеткізетін әуе тасымалының тиімді бағада болуы турасында келіссөздер жүргізілді. Өйткені чартерлік әуе рейстерінің бағасы қазақстандықтар үшін қымбатқа соғуда.

Өз кезегінде Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа қазақстандық қажыларға барынша қолдау көрсететінін айтты.

Екіжақты кездесу барысында биыл Қазақстаннан 3 мың адам қажылық парызын өтейтіні туралы келісілді.

Сауд Арабиясы тарапы Қазақстанға берілген ресми 3 мың орыннан тыс, қажылық маусымда елге кіруге ешкімге жол берілмейтінін ашып айтты.

Бұдан бөлек, Қазақстанның бас мүфтиі Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы шейх, доктор Мұхаммед ибн Абдулкарим әл-Иссамен кездескен.

Н.Тағанұлы Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысын Қазақстанға сапармен шақырды.

«Дүниежүзілік ислам лигасы Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, біздің ортақ бастамаларымызды қолдап келеді. Өзіңізді қыркүйек айында Қазақстан астанасында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысу үшін арнайы шақырамыз. Біздің мақсатымыз тәуелсіздік алған тұстан бері бейбітшілікті ұстану, әлемде болып жатқан жанжал, дінаралық қақтығыстардың алдын алу. Осы ретте лиганың атқарып отырған жұмысы орасан зор», - деді бас мүфти.

ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу соңында бас хатшы Қазақстанға шақыруды қабыл алғанын және бұл шара жоспарында бар екенін жеткізді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT