Сауранда жарты ғасыр жер астында сақталған бабалар аманаты табылды
2022 жылғы 6 мамыр 18:13

Сауранда жарты ғасыр жер астында сақталған бабалар аманаты табылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - 1971 жылы ұрпаққа аманат етіп жазылған өсиет хатта майданда қаза тапқан ерлердің есімі көрсетіліп, соғыстан кейінгі халықтың тұрмысы баяндалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеңіс мерекесінің 77 жылдығы қарсаңында Сауран ауданы Жүйнек ауылдық округінде осыдан 50 жыл бұрын ұрпаққа аманат етіп жазылған өсиет хат салтанатты түрде ашылды.

Іс-шара барысында хатта жазылған жүйнектік 149 соғысқа қатысушының тізімі оқылды.

Бабалардың өсиет хатын 1971 жылы С. Азимова есімді ауыл тұрғыны жазып алып, арнайы капсуламен жерге көміп, сақтаған екен. Сол кезде 10-сынып оқушысы болған С. Азимова бүгінде 4 перзенттің аяулы анасы, 16 немеренің ардақты әжесі атанып отыр.

Бабалар аманаты 4 қабаттан тұратын капсулаға салынған. Алдымен қағазға, содан кейін полиэтилен пакетке оралған. Мұнан соң ағаш қораппен қапталып, сыртынан темір капсула кигізіліпті.

«Соғыста қаза тапқан жауынгерлерге қойылған ескерткіш маңында капсула салатын орын бар. Капсуланы сол жерден алдық. Енді біз де осы дәстүрді жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Ертең Жеңіс күнінде қазіргі өмірді баяндап, келер ұрпаққа аманат қалдырмақпыз», - дейді аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі Сабыржан Азимов.

Аталған шараға Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, сондай-ақ этнос өкілдері, жастар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT