Сенат цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамытуға қатысты заң қабылдады
2022 жылғы 28 маусым 13:05

Сенат цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамытуға қатысты заң қабылдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжат мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау, электронды құжаттарды қолдану аясын кеңейту және деректерді басқару жүйесін институционализациялау мақсатында әзірленді.

Заң одан әрі цифрландыру және реинжиниринг арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, сондай-ақ цифрлық құжаттар сервисін қолдану аясын кеңейтуге, электронды құжаттардың олардың қағаздағы ұқсастықтарымен тең дәрежелелігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, азаматтық хал актілерін (тууы, неке және т.б.) мемлекеттік тіркеу саласында куәліктерді электронды форматқа көшіру бөлігінде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мәселен, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, анықтама қағаз нұсқада, сондай-ақ электронды цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылатын электрондық нысанда берілетін болады.

«Байланыс туралы» Заң аясында байланыс операторы Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатта көрсетілген елді мекендер мен аумақтарды көрсетілетін байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны, сондай-ақ радиожиілік спектрін бір жыл ішінде пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі.

Мәжілісте заң жобасымен жұмыс жүргізу барысында бірқатар түзетулер қабылданды. Мәселен, «Алқабилер туралы» Заңға алқабилерге кандидаттардың бірыңғай тізімін қалыптастыру тәртібін регламенттейтін нормалар енгізілді.

«Қабылданған заң басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде инновациялық цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту үшін заңнамалық жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар заң аясында ауылдарда байланыс сапасын жақсарту және мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі азаматтар мен бизнестің шығындарын төмендету көзделіп отыр», – деді заң жөнінде пікір білдірген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT