Сенат спикері майдандағы қазақстандықтардың батырлығын ұмытпауға шақырды
2022 жылғы 8 мамыр 21:05

Сенат спикері майдандағы қазақстандықтардың батырлығын ұмытпауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қазақстандықтарды алдағы Жеңіс күнімен құттықтап, батырлар есімін ұмытпауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикер атап өткендей, Қазақстан даласынан майданға 1 млн 360 мыңнан астам қазақстандық аттанды. 600 мыңға жуық отандасымыз ұрыс даласында мәңгі қалды. 500 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

«Дегенмен, әртүрлі себептермен лайықты марапатқа ие болмаған, «ұмыт қалған қаһармандар» бар. Олар туралы архивтік мәліметтерді ғалым және қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы жинақтап, 2019 жылы Nur Otan партиясының қолдауымен жарыққа шығарды», - дейді Сенат спикері.

«Ұмытылған қаһармандар – Забытые герои» кітабында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ ала алмаған 133 қазақстандықтың тарихы мен мұрағаттық құжаттары жинақталған. Осы «ұмытылған қаһармандардың» алтауы екі рет ұсынылған. Ал, Шығыс қазақстан облысы Зырян қаласының тумасы Александр Несмиянов үш рет ұсынылып, үшеуінде де елеусіз қалған.

Осы даңқты батырлардың есімдері және олардың ерліктері қазақстандықтардың көпшілігіне таныс емес», - деп жазады Мәулен Әшімбаев.

Жеңіс күні қарсаңында үш «ұмытылған қаһарманға» қатысты тарихи әділдік орнады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін «Халық Қаһарманы» атағы мергендер Төлеуғали Әбдібековке, Ыбырайым Сүлейменовке және атқыштар батальонының командирі Александр Несмияновқа қайтыс болғаннан кейін берілді.

«Біз Жеңіс күнін батырлардың құрметі үшін атап өтеміз. Сонымен қатар, миллиондаған құрбандарды, соғыстан зардап шеккендерді қайғыра еске аламыз. Бұл күн жеңістің қандай жолмен келгенін есте сақтау үшін қажет. Бұл күн бейбітшілік пен тұрақтылықтың құндылығын сезіну үшін маңызды», - деп түйіндейді Мәулен Әшімбаев.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT