ШҚО-да биыл жастар мен мұқтаж жандарға кәсіп ашу үшін 23 грант берілді
2022 жылғы 26 мамыр 02:15

ШҚО-да биыл жастар мен мұқтаж жандарға кәсіп ашу үшін 23 грант берілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері жастар мен мұқтаж жандарға кәсіп ашуға 23 грант берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазинов айтып берді.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында берілетін мемлекеттік грант мөлшері 2 есеге, нақты айтқанда 612 600 теңгеден 1 225 200 теңгеге ұлғайып отыр. Алайда енді тек жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар ғана грантқа үміткер бола алады. Грант алу үшін Busines.enbek - кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталы арқылы өтішін беру қажет», - деді ол.

Жыл басынан бері өңір бойынша 28,2 млн теңге сомасына 23 грант берілді. Оның ішінде 6 грант – жастарға, 1 – АӘК алушыға, 1 – мүгедектігі бар адамға, 15 – көпбалалы отбасыларға беріліп отыр.

«Бұдан бөлек, ұлттық жобаның «Кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту» бағыты бойынша 2022 жылы 1415 адамды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға қатысты кәсіптік оқытумен қамту көзделіп отыр. 6711 адамды субсидияланатын жұмысқа орналастыру, оның ішінде жастар іс-тәжірибесімен 714 адамды қамту жоспарланған», - деді Досхан Қайырғазинов.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскемен мен Семейде биыл 60 мың тал отырғызылатынын хабарлаған едік.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT