ШҚО-да көлік инспекциясының 7 қызметкері жемқорлық үшін ұсталды
2022 жылғы 26 маусым 21:41

ШҚО-да көлік инспекциясының 7 қызметкері жемқорлық үшін ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы бойынша көлікті бақылау инспекциясының 7 қызметкері жемқорлық қылмысы үшін ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, облыстық көліктік бақылау инспекциясының 7 қызметкері сыбайлас жемқорлықты жүйелі түрде жасаған.

Олар жүк тасымалдаушылардан көлікті бақылау пунктінен кедергісіз өту және өңір аумағында еркін жүріп-тұру мүмкіндігі үшін 10 мыңнан 300 мың теңгеге дейін пара алып келді.

«Сонымен қатар тексеру барысында көлікті бақылау инспекторлары тексеру іс-шараларын өткізу кезінде бейнетіркеу тәртібін сақтамағаны белгілі болды. Атап айтқанда, инспекторлар тек көлікті тоқтату және қажетті құжаттарды талап ету барысын ғана тіркеп отырған. Бақылау процедурасының өзіне бейнежазба жүргізілмеген. Ал қолда бар 289 бейнематериалда күн мен уақыт бойынша сәйкессіздіктер анықталды», - делінген ақпаратта.

ШҚО-да соңғы үш жылда 65 полицей жемқорлықпен ұсталғанын осыған дейін хабарлаған едік.


Ұқсас жаңалықтар
Атырауда көші-қон полициясының бастығына қатысты тергеу қысқарып кетті
2022 жылғы 9 тамыз 22:48

Атырауда көші-қон полициясының бастығына қатысты тергеу қысқарып кетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы бастығына қатысты сотқа дейінгі тергеу қысқартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі өңірлік департаментінің қызметкерлері Руслан Әділовке қатысты сотқа дейінгі тергеу 28 сәуірде бастаған еді.

«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2) тармағының негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 2) тармағымен Атырау облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Р.Әділовке қатысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Сотқа дейінгі тергеу барысында Р. Әділов күдікті деп танылмады және оның әрекеті қылмыс ретінде сараланбады», - деп хабарлады облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облыстық полиция департаменті көші-қон қызметінің басшысы ұсталғанын жазған едік.

Полиция полковнигіне қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабының 4-бөлігімен, 367-баптың 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған болатын.

Тергеу мәліметіне қарағанда, күдікті ағасымен бірге елден шығарылу қаупі төнген Молдова азаматынан Атырау қалалық сотының судьясына пара беруді сұраған.

Полиция полковнигіне 6 мың доллар көлемінде параны рекрутинг агенттігінің директоры жеткізіп берген.

Алайда, шетелдік валюта судьяға жеткізілмеген.


Орынбасарының жемқорлығы үшін Екібастұздың әкімі отставкаға кетті
2022 жылғы 8 тамыз 17:50

Орынбасарының жемқорлығы үшін Екібастұздың әкімі отставкаға кетті

ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Екібастұз қаласы әкімінің отставкасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес Екібастұз қаласының әкімі бағынышты қызметкерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін отставкаға өтініш берді.

Павлодар облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ол 8 тамыздан бастап атқарып отырған лауазымынан босатылған.

Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев отставка туралы өтінішін өзінің тікелей бағынысындағы қызметкер - қала әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовке қатысты сот үкімі күшіне енген соң берді.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов отставканы қабылдап, Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаевты лауазымынан босатты.

Ардақ Қаңтарбаев Екібастұз қаласы әкімінің лауазымында 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеген еді.

Еске сала кетейік, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары пара алғаны үшін сотталған.

Маусым айында Екібастұз қалалық соты Екібастұз әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовке және оның қарамағындағы ТКШ бөлімі басшысының орынбасары А.Садықов пен сол бөлімнің бас маманы К.Түсіпбековке қатысты үкім шығарды.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT