ШҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбаны Қайым Мұхамедхановтың рухына тағзым етілді
2022 жылғы 31 мамыр 18:10

ШҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбаны Қайым Мұхамедхановтың рухына тағзым етілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбаны Қайым Мұхамедхановтың рухына тағзым етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО бойынша ҚАЖД қызметкерлері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ғылым жолында тер төгіп, өз елінің тарихы мен зиялыларын дәріптегені үшін қуғын-сүргінге тап болған қазақ зиялысы Қайым Мұхамедхановтың рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ескерткіш жанына жиналғандар Қайым мен оның әкесі Мұхамедханның үйіне жиі қонаққа келген ұлт жанашырлары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ыдырыс Мұстамбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовтарды еске алып, олардың өмір жолдары туралы сыр шертісті.

«Әкесінің қазақ мәдениетінің қайраткерлерін қалыптастыру жолында қуғын-сүргін көріп, бірнеше рет тұтқындалғаны, соңынан «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізген» деген айыппен ату жазасына кесілгені Қайымды елінің тарихы мен әдебиетін келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыруға оқталған ниетінен бас тарттыра алмады. Әкесінің өлімінен кейін өзі де Абай творчествосын ғылыми тұрғыда зерттегені үшін тұтқындалып, Қарағанды лагеріне жіберілген. Сталиннің өлімінен кейін ғана бостандыққа шыққан қайраткердің бізге қалдырған асыл мұрасы бағасыз», - деді ОВ 156/14 түзету мекемесі тәрбие бөлімінің бастығы Руслан Қамажанов.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін 1937 жылы тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде 1350 адам қамауға алынып, 300 адам ату жазасына кесілгенін хабарлаған едік.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT