ШҚО құтқарушылары жағажайларды патрульдеуге атпен шықты
2022 жылғы 19 маусым 19:54

ШҚО құтқарушылары жағажайларды патрульдеуге атпен шықты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары атқа мініп жағажайларды патрульдейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жаз шыққалы бері облыстағы өзен-көлдерде 6 адам, оның ішінде 1 бала суға батты. Олардың барлығы тыйым салынған жерлерде шомылған.

Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін құтқарушылар атқа мініп, жағалайларды патрульдеп жүр. Бұл рұқсат етілмеген су қоймаларын жедел қамту үшін ыңғайлы.

«Жылқымен осындай рейдтерге былтырдан бері шыға бастадық. Адамдар демалуға жиі асығатын оқшау жатқан учаскелерге көлікпен жету қиын. Сол үшін атпен патрульдеп, қауіпсіздік шараларын түсіндіріп жатырмыз. Осы сынды жаңа әдістерді алдағы уақытта да енгізетін боламыз. Басты міндетіміз - судағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға тырысу», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.

Оның айтуынша, жұртшылыққа тыйым салынған жерлерде шомылудың қауіпті екендігі ескертіледі. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің қатысуымен жағажайларда алкогольді ішімдік ішетіндер жауапқа тартылып жатыр.

«Жылқы ыстыққа төзімді жануар. Бұл әдіс біздің жұмысымызды біршама жеңілдетті. Патрульдеу кезінде көбінесе суға шомылуға рұқсат етілмеген орындарға баратын тәртіп бұзушыларды анықтаймыз», - деді Ұлан аудандық ТЖБ бастығы Әділ Бидахметов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT