Шығыс Қазақстанда 26 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды
2022 жылғы 25 мамыр 11:27

Шығыс Қазақстанда 26 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осыдан 26 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аға тергеуші Айдана Серікова 1996 жылы Риддер қаласында адам өлтірген қылмыскерді анықтаған.

Сондай-ақ ол іс материалдарын зерделеу кезінде қаза болған азаматтың сонау жылдары Ресей Федерациясындағы қызы мен әйеліне жолдамақ болып, жіберуге үлгермеген хаттарын тапты. Сақшы бір айдың ішінде марқұмның туыстарын тауып, оларға сол хаттарды жолдады.

«Осылайша, күйеудің әйеліне, әкенің қызына жолдаған хаттары 26 жылдан кейін оқылды. Бұл жаңалыққа қуанған олар көздеріне жас алып, полиция қызметкеріне зор алғыстарын жеткізді. Тергеушінің жұмысы істерді тергеу және процестік шешімдер қабылдау кезінде объективтілік пен салқындықты талап етеді. Алайда бұл хатта бір кісінің өмір тарихы, қызы мен жарына деген махаббаты мен оларға жеткізе алмаған сағыныш сезімі жазылғандықтан, тергеуші оны жойып жібере алмады», - делінген ақпаратта.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда браконьерлерден 220 келіден астам балық тәркіленгенін хабарлаған едік.


Jańalyqtar

MURAǴAT