Шымкентте мембағдарламамен пәтер алып беремін деп жұртты алдаған әйел сотталды
2022 жылғы 7 маусым 11:00

Шымкентте мембағдарламамен пәтер алып беремін деп жұртты алдаған әйел сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «Пәтер алып беремін» деп 21 шымкенттікті алдаған күдікті 4 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласының тұрғыны екі жыл бойы азаматтарды «мемлекеттік бағдарламамен пәтер алуға көмектесемін» деп алдап келген. Алаяқтың арбауына 21 тұрғын түсіп, жалпы сомасы 34 млн ақша берген.

Алаяқтықты кәсіп еткен 27 жастағы азаматша тұрғындардан түскен ақшаны өз пайдасына жаратып отырыпты.

Бір қызығы, бір үйге бала қараушы болып жұмысқа орналасқан күдікті үй иесінің банк деректемелерін уақытша сұрап алып, алаяқтық мақсатқа қолданған. Жәбірленушілерден түскен ақшаны мобильді қосымша арқылы қалаған сәтінде өзіне аударып жүрген. Бұдан бөлек, кездейсоқ адамдарға өтініш жасап, банкоматтардан шешкен кездері де болыпты.

Үйді ала алмай, алданғанын білген тұрғындар полицияға арызданды. Тәртіп сақшыларымен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында, куәлерден жауап алып, банктік аударымдар тексеріліп, азаматшаның алаяқтық ісі дәлелденген.

Нәтижесінде қылмыстық істі жасағаны үшін күдікті 4 жылға сотталды.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT