Шыңжандағы мәдени мұралар әлемнің бір бөлшегі - Шетелдегі қазақ баспасөзі
2022 жылғы 3 сәуір 16:38

Шыңжандағы мәдени мұралар әлемнің бір бөлшегі - Шетелдегі қазақ баспасөзі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шыңжандағы мәдени мұралар әлем мәдениетінің бір бөлшегі - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Қытайдың Шыңжан өлкесінде 4640 түрлі мәдени-рухани құндылықтар материалдық емес мәдени мұралар тізіміне тіркелген, оның 94 түрі мемлекеттік деңгейде танылып, қорғалған, деп жазады Қытайлық kazakh.people.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Адамзат өркениетінің ғасырлар бойы қалыптастырған мәдени мұралары халықтың, ұлттың, этностың өзін сақтап қалудағы негізгі ұлттық құндылығы, тарихи естелігі болып саналады. Бүгінгі таңда оны жоғалтып алмай, дамытып, сақтап, бір ұрпақтан келесі ұрпаққа аманаттап жеткізіп отыру үшін ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі қолдау мен қорғау қажет. Міне сондай 4640 түрлі мәдени-рухани құндылықтар Қытайдың Шыңжан өлкесінде материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қосылған. Оның 315-і Шыңжан өлкесі деңгейінде, 94 түрі мемлекеттік деңгейде танылып, қорғалған. Сонымен бірге осы мұраларды насихаттаушы адамдарға мемлекет «мұрагер» атағын беріп, қаржы бөліп, рухани қолдау көрсетіп отырады.

Шыңжан өлкесінде тізімге енген материалдық емес мәдени мұралар қатарында қазақ ұлтының да көптеген ұлттық құндылықтары енген. Олардың ішіне киіз үй жасаудың дәстүрлі дағдылары, күйі өнері, айтыс өнері, би өнері, дәстүрлі қол өнер, ұлттық спорттық ойын түрлері қамтылған. Сондай-ақ, ұйғұр ұлтының гүлді текеметі, гүлді кездеме тоқу, бояу өнері, құм сурет, ағаш ойма сурет, тері сурет секілді мәдени мұралары аталған.

Жалғас Әділбаев қандастарды Наурыз мейрамымен құттықтады – KAZNEWS

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі
Жалғас Әділбаев Моңғолия елінде тұратын
қандастарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Сіздерді ата-бабамыздың төл мерекесі, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтаймын!

Біздің халқымыз үшін Наурыз мейрамы күн мен түннің теңеліп, табиғаттың қайта жаңғыратын ерекше сәтінде қазақ халқының ұлылығын дәріптей түсетін Ұлыстың ұлы күні!

Бұл күні Әз Наурыз мейрамы тойланып, шығыс халықтарының Жаңа жылы басталады.
Ата-бабаларымыз айтпақшы, бұл – ақ түйенің қарны жарылған күн, ырысты, ынтымақты ұлы той күні.
Еліміздің тарихында ғасырлар бойы тойланып, жылдан-жылға жалғасып келе жатқан Наурыз мейрамы әр адамның жаңа бастамасының жүзеге асуына үміт пен сенім ұялатады.

Наурыз – бұл көктемнің келу мерекесі ғана емес, өмірдің негізі – табиғаттың жаңаруы және өзгеріске, жақсылыққа сену екендігінің дәлелі.

Әлем тарихында көп мемлекеттер бұл күнді Жаңа Жылдың басы деп санайтыны белгілі. Біздің тарихымызда бірнеше жүз жылдан бұрын аталып, көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, қыстан аман-есен шығып, туысқандар бір-бірін көріп, бір-бірімен көрісіп, барлық орын алған жаманшылықтарды өзара кешіріп, наурыз көже үлестіріп жататын төл мейрамымыз.

«Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!» деп тілек білдіретін достық пен ынтымақ мерекесі көшбасшылық мерейімізді асқақтата түссін.

Наурыз мейрамы құтты болсын! Ақ мол болсын!

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы жолаушылар пойызы белгісіз уақытқа тоқтады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы Нөкіс-Бейнеу және Ташкент-Алматы бағытындағы халықаралық жолаушылар пойызы белгісіз уақытқа тоқатылды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Өзбекстан темір жолдары» АҚ хабарлауынша, бұл жағдайға көрші елдегі карантиндік шектеулердің енгізілуі себеп болған.

«Бұл шешім Қазақстанда індет пен коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасымен расталған. Жол жүру құжаттарына (билеттерге) сатып алынған және пайдаланылмаған билеттер теміржол кассасында толығымен қайтарылады немесе Қазақстанмен шекарадағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін кейінгі рейстерге қайта ресімделеді, делінген хабарламада. Еске салар болсақ, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы темір жол қатынасы бойынша алғашқы рейс 1 сәуірде Нөкіс – Бейнеу – Нөкіс бағыты бойынша ашылатыны хабарланған болатын», -деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Ғарышкерлер «Союз» кемесімен Қазақстанға қонды - TRT

Америка Құрама Штаттары (АҚШ) мен Ресей арасындағы Украина шиеленісінен кейін бір АҚШ және екі орыс ғарышкері мінген «Союз» ғарыш кемесі Қазақстанға қонды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«АҚШ астронавты Ванде Хей екі ресейлік астронавт Антон Шкаплеров пен Петр Дубровмен бірге Ресей капсуласында 355 күндік ғарыш сапарынан кейін Қазақстанға келіп қонды. Америка Құрама Штаттары мен Ресей арасындағы дағдарыс Украина соғысы себепті ғарышқа дейін жетті. Роскосмос Ресей ғарыш агенттігінің басшысы Дмитрий Рогозин еліне жасалған санкциялардың Халықаралық Ғарыш стансасында техникалық мәселелер тудыратыны жайлы ескерту жасады» , -деп жазады TRT.

Cтуденттер арасында Наурыз мерекесіне орай поэзия кеші болып өтті - Фарс

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының 6В01705-Шетел тілі: екі шет тілі (ағылшын-парсы) мамандығының 1-3 курс студенттері арасында Наурыз мерекесіне орай онлайн форматта поэзия кеші болып өтті, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Бұл шарада Наурыз мерекесінің тарихы, түркі және парсы тілдес халықтардың осы мерекені тойлаудағы ерекшеліктері айтылды . Студенттер парсы тілінде ән шырқап, Иран шайырларынан парсы тілінде үзінділер оқыды», - деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.



Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT