СҚО-да 15 мың адамның есімі әлі ақталған жоқ – архив қызметкері
2022 жылғы 31 мамыр 14:58

СҚО-да 15 мың адамның есімі әлі ақталған жоқ – архив қызметкері

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздік алғалы тоталитарлық режимнен зардап шеккен 8 мыңнан астам адам ақталды. Соның жартысынан астамы соңғы екі жылда атқарылған жұмыстың нәтижесі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдағы алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтарды, қазақ зиялыларын, Алаш партиясының өкілдерін, түрлі қоғамдық ұйымдардың мүшелерін қудалау процесі кеңес үкіметінің құрылуымен тікелей байланысты. Қазақ халқының бетке ұстар азаматтарының басым бөлігіне нақақтан жала жабылып, қудалауға ұшырады, түрмеге жабылды, жер аударылды, атылды. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, тек Қызылжар өңірінде ғана ең жоғары жаза – ату жазасына кесілген 2351 адам бүгінде ақталды.

«Осындай қиыншылықты бастан кешкен Қазақстан халқының тарихына нақты тоқталар болсақ, сол тарихты деректер ретінде ашу процесі Тәуелсіздік алған кезеңнен басталды. 1993 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөнінде заң қабылданды. Сол заңның негізінде көптеген азаматтар ақталды. Ия, кеңес дәуірінде де ақталды. Солардың бірі – жерлесіміз Мағжан Жұмабай. Ол азамат ретінде 1960 жылдары ақталса, шығармашылығы тек 1989 жылы, яғни тек 30 жылдан кейін ғана оның өлеңдерін жариялауға рұқсат берілді.

Ал түпкілікті ақтау процесі 1993 жылы басталды. 1997 жылы ел тарихындағы маңызды оқиға – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне байланысты көптеген азаматтардың есімі тарихқы оралып, олардың істері қайта қаралды, ақтау процесі жүргізілді. Содан бері қарап отырсақ, 8 394 азаматымыз ақталған екен. 2020 жылы Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толығымен ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Сондай-ақ өңірлік комиссиялар құрылды. Барлық архивтердегі деректерді жинақтай отыра, біз үлкен мәселелерді көтеріп жатырмыз. Қаншама азаматтардың тізімдерін анықтап, ақталмағандар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда ақталғандар саны екі есе өсті. Оған не себеп болды. Алдымен туған-туыстары өздерінің аталары мен әкелерін іздестіріп, соның арқасында құжаттарды көтеріп, арнайы органдарға беріледі де, содан кейін ақтау процесі прокуратураның шешімімен «ақталды» деген шешім беріледі», - дейді Сәуле Мәлікова.

Тарихшының айтуынша, саяси қуғынға ұшыраған Алаш қайраткерлері, тәуелсіздік үшін күрескен азаматтар, басқа ұлттың өкілдері, конфискацияға ұшыраған байлар, осы елге күшпен көшірілген басқа ұлт өкілдері - бүгінгі күні өңірде әлі де 15 мыңға жуық адам ақтауды қажет етеді.

«Қуғын-сүргінге ұшырағандардың жаңа санаты – дүние-мүлкі конфискацияға ұшыраған байларға ерекше тоқталар едім. Себебі 1928 жылы байларды конфискациялау туралы қаулы қабылданғаннан кейін, ол кездегі осы Петропавл округінде 34 адам ілеккен екен. Оларды бар жиған-терген дүние-мүлкінен айырып, отбасымен жер аударған. Олар босап шыққаннан кейін негізгі бөлігі елге келуге қорыққан, Ресей мемлекетіне, басқа елдерге кетуге мәжбүр болған. 1931 жылы оларды «кулактардың» қатарына қосып, қазақтардан басқа ұлттың өкілдері – орыс, украин, татар, тағы басқаларын жер аударған, концлагерьлерге жіберген екен. М.Жұмабаев ауданында Александровка деген елді мекен бар. Ол жерде кулактардың концлагері болғандығы туралы деректер табылды. Мұса Бейсенов деген азаматтың хаты сақталған, ол кісі: «Менің бар мүлкім алынды, енді ешқандай меншігім жоқ. Бұл жерде денсаулығым нашарлап кетті, мені босатыңызшы» деп жазған екен. Сол хатқа «жоқ, болмайды» деген жауап беріліпті.

Кезінде Төңкеріс деген жер болған. Қазір оның бір бөлігі Тимирязев ауданына, енді бірі Шал ақын ауданына қарайды. Жарқын деген, Байқала деп аталған елді мекенде байлардың лагері болған екен. Аумақты тікенек сыммен қоршап, бақылауда ұстап, бұрынғы байларды түрлі жұмыстарға жеккен.

Байлардың әрекеті жай ғана қылмыстық іс ретінде қаралып келген, енді бүгінгі күні байлардың топтасып, кеңес үкіметіне қарулы қарсылық көрсеткенін біз деректермен дәлелдеп отырмыз», - дейді архив директоры.

Былтыр жергілікті комиссияның жұмысы нәтижесі ретінде бірнеше кітап жарыққа шықты.

Ал 2017 жылы Петропавлда еске алу тақтасы мемориалдық ескерткіші бой көтерді. Ол қабырғаға ақталғандардың тізімі толық енгізілген.

Бұған дейін СҚО-да Алаш зиялыларына арналған мемориалдық кешен салынатынын айтқан едік. Ол 1918 жылы Міржақып Дулатов бастаған алашордашылардың ұйымдастыруымен, 10 мың адам қатысқан жиын өткен жер – Жамбыл ауданындағы Әлти қажының қонысында бой көтермек.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT