СҚО-да мемлекеттік қызметтегі әр бесінші әйел – басшы
2022 жылғы 23 маусым 13:43

СҚО-да мемлекеттік қызметтегі әр бесінші әйел – басшы

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметте 2 490 қыз-келіншек еңбек етсе, соның әр бесіншісі басқарманы не бөлімді басқарады. Солардың бірі – Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылының тумасы Жанар Мұсайбекова. Ол самбо мен дзюдодан спорт шеберіне үміткер, қазір аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі маманды әңгімеге тартқан еді.

- Самбомен, дзюдомен айналысады екенсіз, әйел адамға спорттың бұл түрлері ауыр емес пе?

- Ия, бұл екеуі де ептілікпен қатар қара күшті қажет етеді. Егер спорттың түрі ұнаса, онымен қызыға айналыссаң, еш ауырлығы жоқ. Бірақ, біздің өңірде самбо мен дзюдо әйелдер арасында кең тарамаған, оған жарыстардың өткізілмеуі себеп шығар. Ал, елімізде қыздар арасында жақсы спортшылар көп.

- Өзіңіз спортқа қалай келдіңіз?

- Спортқа бет бұруыма әкем әсер етті. Қайыркен Уәлишанұлы Мұсайбеков – еркін күрестен республикалық чемпионаттың қола жүлдегері. Ол кісі менің де еркін күреспен айналысқанымды қалады. Бірақ, ауылда қыздар арасында еркін күрес секциясы болмады. Дегенмен, мектепте оқып жүргенде-ақ спортқа жақын болдым. Көкшетаудың жоғары оқу орнына дене шынықтыру мұғалімі мамандығы бойынша түстім. Сонда самбомен айналыса бастадым. Кейін жаттықтырушым ауысып, ол дзюдошы болды. Сөйтіп, мен самбоны да, дзюдоны да қатар алып жүрдім.

- Қайсысы жаныңызға жақынырақ?

- Дзюдо маған көбірек ұнайды. Екеуінің бір-бірінен айырмашылығы – дзюдода қарсыласыңды сығып, қысуға болады, ал самбо – күрестің бір түрі. 2000 жылдардың басында самбо спортына қызығушылық күрт артты. Қыздар да көптеп жазылды, бірақ олардың тек бірен-сараны ғана қалып, нәтижеге қол жеткізді. Сондықтан, жаттығулар негізінен ер адамдармен өтетін. Олар бізді ренжітпеуге тырысып, құрметпен қарайтын. Өйткені, ауыр болғандықтан, қыздар спорттың бұл түрін көп таңдай бермейді.

- Қай спорт болмасын адамның денесін ғана емес, мінезін де шынықтырады, шыңдайды, бұл әйелдік болмысты жоймай ма?

- Әйел адам бірнеше істі қатар алып жүреді, соның ішінде жақсы спортшы да, мейірімді ана да болады. Өз әдемілігін де жоғалтпайды. Бұл ретте көп нәрсе жаттықтырушыға да байланысты. Иә, мінез жағынан келісемін. Бір байқағаным, спортпен айналысқан қыз-келіншектер батыл, өз-өзіне сенімді болады.

- Спорттағы әдіс-тәсілдерді татамиден тыс қолдануға мәжбүр болған кездеріңіз бар ма?

- Ия, өзімді қорғау үшін өмірде күш қолдануға тура келген жағдайлар болды. 2004 жылғы бір оқиға есіме түсіп отыр. Кешқұрым қонақтан шығып, үйге қарай бет алдым. Көшеде маған қарама-қарсы ер адам келе жатты. Жақындай бере ол менің қолымнан шап беріп ұстап, ағаштар арасына тарта жөнелді. Мен де қарап қалған жоқпын, қолын қайырып, ол бұзақыны полицейлерге ұстап бердім.

- Қазір жарыстарға шығып жүрсіз бе?

- Жоқ, жарыстарға шығып жүрген жоқпын. Себебі, жұмыс көп, оның үстіне бөлім басшысы болғандықтан, жауапкершілік те жоғары. Жарысқа жиналған спортшыларды қадағалап, жағдайларын жасау керек. Соңғы рет 2018 жылы облыстық әйелдер спартакиадасына еркін күрестен қатысқан едім. Сол жолы 62 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдені жеңіп алдым.

- Мемлекеттік қызмет спорт жолынан жеңіл емес болар?

- Биыл мемлекеттік қызметте жүргеніме 16 жыл болады. Университетті бітірісімен-ақ құжаттарымды жинап, қызметке тұрдым. Бастапқыда мәдениет бөлімінде еңбек еттім, кейін ішкі саясатқа ауысып, білім бөлімінде де тәжірибе жинадым. Меніңше, бұл – үлкен мектеп. Бір орында тоқтап тұру жоқ, үнемі жаңа адамдармен танысып, жаңалықтың ортасында жүресің. Басқа салаға ауысамын деп ойлаған емеспін, өйткені маған бұл жұмыс ұнайды. Әр қызметтің өз қиындығы бар. Ал, мемлекеттік қызметшілерге артылар жүк екі есе ауыр. Кейде бірер күн қызметпен жүріп, үйдің бетін көрмейтін кездер болады. Біз, тіпті ойын-тойларда да әдеп пен этиканы ұмытпауымыз керек.

- Отбасыңыз жайында айтыңызшы, балаларыңыз спортқа жақын ба?

- Ұлым, екі қызым бар. 16 жастағы ұлым мен 13 жасар қызым мектепте оқиды, кенжем балабақшаға барады. Әкемнің жолын қусын деп, ұл-қызымды еркін күреске бердім. Бірақ, оларға ұнамады, гір спортына кетті. Таңдау неге спорттың осы түріне түскенін білмеймін. Қазір биік белестерді бағындырып жүр. Екеуі де Қазақстан, Азия чемпионы болды. Келесі айда Бішкекке әлем чемпионатына барады. Ал, кенже қызым әлі кішкентай. Бірақ, қазірдің өзінде каратэмен айналысуды армандап жүр. Әзірге ауданымызда каратэ бөлімі жоқ, ашылған бойда беремін.

- Бала тәрбиесінде басты орынға нені қоясыз?

- Балаларды түсіну керек және бағыт-бағдар беріп отырған жөн. Жалпы, әр ата-ананың арманы – балаларының жетістігін көру ғой, өмірден өз орындарын тапса екен деймін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT