СҚО-да рұқсатсыз ашылған 51 қалдық полигоны ғарыш арқылы анықталды
2022 жылғы 29 маусым 12:05

СҚО-да рұқсатсыз ашылған 51 қалдық полигоны ғарыш арқылы анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында рұқсатсыз ашылған 54 полигон анықталды. Былтыр өңірде санкцияланбаған қоқыс орындарының саны 363-ке жеткен еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Экология департаментінің мәліметінше, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ ғарыштық түсірілімдері нәтижесінде рұқсат етілмеген 51 қоқыс орны анықталған. Тағы үшеуін волонтерлер тапты.

«Қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындарын растау үшін департамент мамандары ол жерлерге барады. Кейін оларды жою бойынша жұмыстар атқарылады. 2021 жылы өңірде рұқсат етілмеген 363 қалдықтарды орналастыру орны анықталды. Олардың 294-і 83%-ы жойылды. «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өтініші негізінде Бәйтерек ауылы маңында рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін ұйымдастыру фактісі бойынша «СҚО Қызылжар ауданы Бескөл ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 8 га алаңға өндіріс және тұтыну қалдықтарының рұқсатсыз орналастырылғаны анықталды», - дейді СҚО бойынша экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.

Осылайша Бескөл ауылдық округінің әкіміне жалпы сомасы 87 510 теңгенің айыппұлы салынды және заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Бескөл ауылдық округі әкімінің аппараты заңсыз полигонды биыл 1 шілдеге дейін жоюы тиіс.

Сондай-ақ СҚО бойынша «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының өтініші негізінде экологиялық заңнаманы сақтау бойынша экологтар «Қызылжар Тазалық» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

«Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында коммуналдық қалдықтарды жағу, сұрыптау ішінара жүргізіледі, кіретін көліктердің бір бөлігі қалдықтарды сұрыптау алаңына дейін жеткізбей төгеді, қалдықтарды жинау технологиясы сақталмайды, полигонда тек жартылай торлы қоршау бар. Бұдан басқа полигон иесі қалдықтардың тыйым салынған түрлерін, атап айтқанда полиэтилен, пластик, резеңке қалдықтарын, металл бөшкелерді, шыны ыдыс, шыны сынықтарын, тамақ қалдықтарын, қағаз қалдықтарды қабылдаған. Осыған орай серіктестікке 252 698 теңгеге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасады. Заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріліп, СҚО-ның мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына ҚР экологиялық заңнамасының талаптарын бұзған полигонының қызметін тоқтата тұру туралы талап арыз жолдады», - дейді Азамат Бектасов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT