СҚО-да жемқорлық қылмысы үшін сотталғандарды жұмысқа алған екі басшы айыппұл төледі
2022 жылғы 9 маусым 14:45

СҚО-да жемқорлық қылмысы үшін сотталғандарды жұмысқа алған екі басшы айыппұл төледі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлықпен күрес ведомствосы биыл шектеулерді бұзуға қатысты 10 әкімшілік іс қозғап, нәтижесінде оларға 2,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, 6,3 млн теңге заңсыз табыс тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан «Әкімшілік практика – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді құралы» тақырыбындағы кеңес барысында хабарлады.

Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлықпен күрес ведомствосы «ҚР заңнамасында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салу белгiленген адамның осындай қызметпен айналысуы» және «Мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы» бойынша 10 әкімшілік материал толтырды. 9 материал бойынша жалпы сомасы 2,6 млн теңгеден астам айыппұл салынып, заңсыз кіріс - 6,3 млн теңге тәркіленді және 1 іс сотта қаралып жатыр.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді мониторингілеу барысында жемқорлықтың 126 субъектісінің жоғарыда көрсетілген шектеулерді бұзғаны анықталды. Көп жағдайда бұл Заңмен осындай қызметті жүзеге асыруға тыйым салынған адамның кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактілері. Қазір қызметкерлер процессуалдық шешім қабылдау үшін әрбір фактіні егжей-тегжейлі зерттеп жатыр», - деді Нұрлан Жахин.

Спикер жиналғандардың назарын ӘҚБтК-нің 680 және 681-баптарына – яғни «мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы» және «бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау» баптарына ерекше аударды.

Департамент 680-бапты бұзып, лауазымды тұлғаларды активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынбай тағайындау фактілерін анықтады. Бүгінгі таңда 6 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

«Басшылар адамдарды жұмысқа қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған ба, жоқ па – тексеруі керек, сондай-ақ кандидаттан активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруды талап етуі қажет. Бұрын-соңды сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам енді мемлекеттік қызметте де, квазимемлекеттік секторда да, тіпті қатардағы лауазымда жұмыс істей алмайды. Осындай тұлғаларды жұмысқа қабылдаған басшыларға 100 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деді Нұрлан Жахин.

Былтыр СҚО-да сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталғандарды жұмысқа алған екі басшы 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі.

Сондай-ақ, «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 61-бабына сәйкес әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуына негіз болады.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT