Солтүстіктегі  колония  күніне 700 қаптама құрт шығарады
2022 жылғы 14 маусым 22:42

Солтүстіктегі колония күніне 700 қаптама құрт шығарады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/3 мекемесінде ұлттық тағам – құрт өндірісі жолға қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕС-164/3 мекемесі аумағында жеті кәсіпкер өз ісін ашқан. Олар сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр. Бір ай бұрын мұнда құрт өндірісі жолға қойылды. Ұлттық тағамды дайындауға 5 адам жұмылдырылған. Олар екі ауысымда тәулік бойы жұмыс істейді, сәйкесінше еңбекақы алады.

«Бізге күнделікті құрт жеткізеді. Біз оны ұсақтап, түрлі қоспаларды - май, сүт, тұзды қосамыз. Салмағы 8-10 гр болатындай етіп дөңгелетіп, қалыпқа келтіреміз. Кейін кептіріп, сатуға ыңғайлы етіп 30 гр бөліп саламыз. Күніне орта есеппен осындай 700 қаптама әзірлейміз. Бір күнде шамамен 40 келі ірімшік жұмсалады. Іске кіріспес бұрын бізге қалай істеу керектігін екі күн бойы технолог үйретті. Бұрын құртты қалай істейтінін әжелерімізден көретінмін. Ал жалпы мамандығым – агроном», - дейді құрт өндіру цехының жұмысшысы Арман Мөңкебаев.

Арман Қостанай облысының тумасы, ішімдік ішкен күйі үш мәрте көлік тізгіндегені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Соның тек 4 айын ғана өтеген екен.

«Сәуір айында кәсіпкер бізге ұсынысымен келді. Бос тұрған ғимаратты көрсеттік, оған ұнады. Бір ай өндірісті бастауға кетті, цехты дайындады, қажетті қондырғыларды кіргізді. Сотталғандарды оқытты, тамақ өндірісі болғандықтан оларды арнайы медициналық тексерістен өткізіп, құжаттарын әзірледі. Тек содан кейін ғана іске кірісті», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесі бөлімшесінің бастығы Бауыржан Рүстемов.

Жалпы СҚО-дағы түзету мекемелерінде қазіргі уақытта 1600 сотталған бар. Еңбекке жарамды жазасын өтеушілердің бүгінде 55 %-ы жұмыспен қамтылған.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT