Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе тұрғындарына өтемақы төлеу басталады
2022 жылғы 8 маусым 00:51

Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе тұрғындарына өтемақы төлеу басталады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылар бүлінген мүлік үшін өтемақы алады. Ақша келесі аптада есепшотқа аударылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде көктемгі су тасқыны кезінде 140-тан астам үй зақымданды. Оның 22-інде жылжымайтын мүлік құжаты жоқ.
«Құжаты жоқ үй иелеріне өтемақы берілмейді. Біз алдымен олардың құжатын реттеуге кеңес бердік. Құжаттарын реттеген соң бағалаушы компания өз жұмысын жалғастырады. Төлем бюджеттен берілмейді, бюджеттен тыс болады. Қалған үйлерге 127 млн теңге көлемінде қаржыны қалалық бюджеттен береміз. Келесі аптада аударылады. Бұл жөндеу жұмыстарына беріледі. 100 мың теңгеден бастап, 4 миллион теңгеге дейін бар. Шығындарды ашық көрсетеміз»,- деді қала әкімі Асхат Шахаров.
Мәлім етілгендей, істен шыққан техника үшін ақша берілмейді. Себебі заңбұзушылық болып саналады.
«Оның алдында демеушілер адам басына 100 мың теңге төледі. Тұрмыстық техниканы сол арқылы алуға мүмкіндік болды. Алғашында барлық адам уақытша орналасу бекеттерінде болды. Үйі жарамсыз болып қалған адамдар қазір жатақханада тұрып жатыр»,- деді қала әкім.
Еске салайық, биылғы көктемде еріген қар суының тасқыны адам өміріне де қауіп төндірген болатын. Ақтөбедегі «Батыс-2» шағынауданында ағып жатқан лай суға қыз бала құлап кетіп, оның өмірін көмекке жеткен ер адамдар құтқарып қалған еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT