Сұлулық әлемді құтқарады: Оралда халықаралық суретшілер симпозиумы мәресіне жетті
2022 жылғы 20 маусым 01:48

Сұлулық әлемді құтқарады: Оралда халықаралық суретшілер симпозиумы мәресіне жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында «Сұлулық әлемді құтқарады» атты халықаралық суретшілер симпозиумы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «BatikKami» мәдени қоры ұйымдастырды.

Симпозиум аясында суретшілер көрмесінің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің атап өткеніндей, халықаралық деңгейдегі бұл іс-шара 2018 жылдан бері өткізіліп келеді.

«Осы жолы Еуропа мен Азияны жалғап жатқан Ақ Жайық өңірінде ұйымдастырылған симпозиумға 20-ға жуық суретші қатысты. Олар бес күн бойы Оралда суреттер салды, өз тәжірибелерімен бөлісіп, өнер жолын таңдаған жергілікті жастар үшін шеберлік дәрістерін өткізді. Жалпы, еліміздің тарихы мен мәдениетін бедерлеп, мәңгілікке қалдыруда сурет өнерінің маңызы зор», деді Н.Дәуешов.

БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өнері мен мәдениеті өркендеген өңірде халықаралық іс-шараның өтуі суретшілерге тың серпін беретінін жеткізді.

«BatikKami» мәдени қорының директоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Камила Жапалованың айтуынша, дәстүрлі симпозиумға шетелдіктермен қатар әр өңірден суретшілер шақырылды.

«Авторлық жобам аясында шара бір жыл бұрын жоспарланғандықтан, пандемия да өз әсерін тигізді. Әйтпесе қатысушылар саны бұдан да көп болар ма еді. Дегенмен соның өзінде әр тараптан келген суретшілер Орал қаласының бай тарихы мен мәдениетімен танысып, керемет туындылар салып үлгерді. Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта да қолдау білдіріп, симпозиум тұрақты өтіп тұрады деген ойдамыз», деді К.Жапалова.

Оралға алыстан ат сабылтып келгендер арасында Түркияның Анкара қаласында тұратын Замира Шахин, Әзербайжаннан Рамина Саадатхан, Өзбекстаннан Сардор Аллабергенов болды. Сондай-ақ Жеңіс Молдабеков, Сембіғали Смағұлов, Дәуренбек Бекназаров, Бақытнұр Бердісбеков, Айнабек Оспанов, Оралдан Нұрбек Жәрдемов секілді қылқалам шеберлері қатысты.

«Бұл – Орал қаласына алғаш келуім. Музейлер мен тарихи орындарды аралап, Жайық өзені жағасында суреттер салдық. Әсіресе, Мәншүк Мәметова музейі ерекше әсер қалдырды. Әдетте қыз балаға қамшы сыйламайды. Музей қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, бір ақсақал қаршадайынан қайсарлығымен көзге түскен Мәншүкке 12 жасында қамшы тарту еткен екен, сол құнды жәдігер ретінде сақталып тұр. Міне, соның әсерімен «Оралдан ұшқан қарлығаш» деген сурет салдым. Онда Мәншүктің ерлік рухын көрсеткім келді. Шапқан ат, ұшқан қарлығаш, алапат соғыстың көрінісіндей өртенген ағаш, сондай бейнелер көрініс тапқан. Биыл қазақтың батыр қызының туғанына 100 жыл толады екен. Болашақта да Мәншүкке арнап жұмыстар сала жатармыз деп ойлаймын. Өзім, жалпы, кескіндеме бағытында еңбектенемін. Елорда, Павлодарда тұрғанда салған туындыларым да баршылық, қазір Алматыдамын. Осыған дейін Ақ Жайықтан түлеп ұшқан ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған «Қиял қанаты» республикалық дуэт (поэзия мен сурет) онлайн байқауының бас жүлдесін жеңіп алдық. Сондай-ақ Кипрде жеке көрмем өтті, халықаралық симпозиумдарға да қатысып келемін. Ең бастысы, суретшілер жиналып, бір-бірімізбен тәжірибе алмастық, шабыттандық, Қазақстанның керемет жерлері көп екеніне көзіміз жете түсті», деді ҚазАқпарат тілшісіне суретші, Қ.Сәтбаев университеті тарихи музейінің директоры Жеңіс Молдабеков.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT