Талды археология паркінен сирек кездесетін тағы үш қорым табылды
2022 жылғы 18 маусым 23:24

Талды археология паркінен сирек кездесетін тағы үш қорым табылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Археологтар Қарағанды облысы Шет ауданының Талды археология паркіндегі Қаражартас қорымынан тағы үш сирек кездесетін жерлеу орнын тапты. Табылған жәдігерлер арасында тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар да бар. Олар қола дәуіріне жатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнда қола және темір ғасырларының көптеген жерлеу орындары бар. Сондықтан да тарихты зерделеу үшін бұл тамаша орын», – дейді ескерткіштерді қорғау орталығы директорының орынбасары Жанболат Мәжитов.

Қазір және бұрын табылған жерлеу орындарының көпшілігі тоналған. Ғалымдардың пікірінше, мұны бұрынғы заман адамдары жасаған.

«Қорымдар тоналған. Мәйіттер көшіріліп, құнды заттар алынып, тек қола заттар қалған. Біз тапқан балалардың жерлеу орындары ересектерден бөлек және жалпақ тастардан тұрғызылған. Сол кезде қайтыс болған адамның аруағы мұндай тастардан аттап өте алмайды және адамдарды мазаламайды деп сенген. Сондай-ақ, бала мәйіттерінің жанында сүт тәрізді сұйықтықтың қалдықтары бар ыдыс-аяқ болды. Табылған заттар сирек кездеседі», – дейді археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин.

Оның айтуынша, қазба жұмыстары жаздың соңына дейін жалғасады және келесі жылы табылған заттар қалпына келтіріледі.

Жұмыста ғалымдарға Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ тарих факультетінің студенттері көмектеседі.

«Біз мұнда тәжірибеден өтіп жатырмыз. Мен көптеген ақпарат алып, артефактілерді өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Қола дәуіріндегі қыш ыдыстар, қола пышақтар, сырғалар мен сақиналар табылған. Біз ежелгі адамдардың сүйектеріне назар аудардық және қазіргі заманмен айтарлықтай айырмашылықты байқадық. Қолдар мен аяқтардың сүйектері ұзын және қалың.

Сол заманғы адамдардың тістері таң қалдырды. Олар толығымен сүтті және еш қанқұртсыз таза болды. Бірақ ол кезде тіс пасталары да, щеткалар да болған жоқ. Бұл ретте адамдар гигиенаны қалай сақтаған деген сұрақ туындайды. Бір сөзбен айтқанда, біздің қазіргі жұмысымыз бізге өте ұнайды», – деп бөлісті ҚарУ тарих факультетінің студенті Бекарыс Тілегенов.

Болашақта Талды археологиялық паркінде туристер үшін ірі тарихи-мәдени орталық ашылады. Тас пирамидаларды, қорғандарды және басқа да үлкен және кіші қорымдарды қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем тарихының әуесқойлары да көре алады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT