Түркістандық өнертапқыштар қолдан көлік құрастырды
2022 жылғы 25 маусым 20:47

Түркістандық өнертапқыштар қолдан көлік құрастырды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Келес ауданындағы №13 колледж мұғалімдері мен оқушылары қолдан көлік құрастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Авторлары бұл көлікті «Avtopicnik» деп атаған. Ол табиғат аясына демалысқа шығуға өте қолайлы. Шағын көлікпен жүк тасымалдауға да болады. Сондай-ақ, көлікте үлкен үстел мен орындықтар, тіпті шатыр да бар. Оларды қажет болғанда құрып, ал жүк салатын кезде жинап қоюға болады.

«Бұл көлікті бірнеше мақсатта жасадық. Демалысқа арналған көлігіміз сәтті шығып, «World skills» чемпионатында жүлдеге ие болдық», - дейді жоба жетекшісі Бахтияр Дустанов.

«Avtopicnik» көлігі оңтүстік кореялық Daewoo Damas микроавтобусынан жасалған. Ерекшелігі – жанармай өте аз жағылады. Сондай-ақ, күн сәулесінен қуат алатын жарықтандыру құрылғыларымен жабдықталған. Бұл құрылғылары қараңғыда да қуаттала береді. Ол үшін жанып тұрған шамдарды қуаттағышқа қаратып қою жеткілікті.

Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев көліктің мүмкіндіктерімен танысып, жобаны жүзеге асырған шығармашылық ұжымның еңбегін жоғары бағалады.

Айта кетейік, осыған дейін де аталған колледж ұжымы жанар-жағар майсыз, электр қуатымен қозғалатын көлік құрап шыққан.


Ұқсас жаңалықтар
Түркістан облысындағы 865 шақырым жолдың мерзімінен бұрын тозу қаупі бар
2022 жылғы 8 тамыз 16:19

Түркістан облысындағы 865 шақырым жолдың мерзімінен бұрын тозу қаупі бар

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда облыстық маңызы бар 200 шақырым жол ауыр жүк көліктерінің талаптарды сақтамауынан жарамсыз жағдайға түсіп отыр. Тағы 865 шақырым жолдың мерзімінен бұрын тозу қаупі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жолдардың басым бөлігі Сайрам, Ордабасы, Арыс, Қазығұрт, Сауран аудандарында орналасқан. Жыл басынан бері жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде заңды бұзған компанияларға 151 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан жасалған талдау көрсеткендей, өңірдегі 160 карьердің 20-сында ғана таразы бар. Ал, қалған 140 карьерде бақылау-өткізу пунктері, жөнелтілетін және келіп түсетін жүктің сапасы мен массасын анықтайтын таразы мен басқа да жабдықтар қарастырылмаған.

«Заңсыз тасымал, жолаушылар қауіпсіздігіне қатысты шағымдар көбейді. Жол полициясы мен көліктік бақылау инспекциясы тарапынан олардың бәрі тексерілуі тиіс. Жолдың сапасын бұзатын ірі жүк көліктеріне де қадағалау күшейтілсін. Әр карьер маңында жүктің салмағын өлшейтін таразысы болуы керек. Жолаушылардың қауіпсіздігі, жолдың сапасы бойынша рейдтер жалғасқаны жөн», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осы мәселеге қатысты өткен мәжіліс барысында.

Өңірде ендігі кезекте өзеннен тас таситын ауыр салмақты автокөліктер де жаппай тексерілмек. Карьерлерде салмақ өлшейтін таразының орнатылуы қатаң қадағаланады. Заң бұзушылық жасағандардың ісі құзырлы органдарға жолданады.


Жол қозғалысы ережесін 62 рет бұзған түркістандықтың ісі сотқа жолданды
2022 жылғы 5 тамыз 22:31

Жол қозғалысы ережесін 62 рет бұзған түркістандықтың ісі сотқа жолданды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан тұрғыны көлігімен 62 рет заң бұзушылық жасаған және 1 миллион 600 мың теңгеден астам айыппұлын төлемеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында «Қорғау – қауіпті жүргізуші» жаңа бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама арқылы Түркістан облысының полицейлері жолдағы заң бұзушылықтарды анықтап, жүгенсіз кеткен жүргізушілерді жауапқа тартуды қолға алды.

Мәселен, бүгін полицейдің планшетіне Тәуке хан даңғылы мен Тынышқұлов көшесінің қиылысында «Toyota» маркалы көліктің жалған мемлекеттік нөмір таққаны және төленбей жүрген айыппұлдары бары жөнінде белгі берілді. Дабыл түсісімен полицейлер аталған көлікті тексеру мақсатында тоқтатып, құжаттарын қарады.

«Жүргізуші көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан. Сондай-ақ, 62 заң бұзушылық жасап, 1 миллион 600 мың теңгеден астам айыппұл бойынша берешегі бар болып шықты. Аталған автокөлік айыптұраққа қойылып, жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігімен хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Полицейлер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - дейді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдіжаппарова.

Айта кетейік, соңғы 10 тәулік ішінде облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы мен Түркістан қалалық полиция басқармасының полицейлері бірлесе отырып, жол ережесін бұзған 961 автокөлік жүргізушісін анықтады. Айыптұраққа 148 көлік қойылды. Ал, «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы аясында 180 автокөлік тоқтатылып, 109-ы айыптұраққа жеткізілді. 71 автокөлік жүргізушісіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.


Түркістан облысында 800 мыңға жуық тұрғын ауыз суды арықтардан ішіп отыр
2022 жылғы 3 тамыз 22:29

Түркістан облысында 800 мыңға жуық тұрғын ауыз суды арықтардан ішіп отыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы 800 мыңға жуық халықты сапалы ауыз сумен қамту өзекті мәселе болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған аудандардың бірқатар елді мекеніндегі тұрғындар ауыз суды Өзбекстан Республикасынан келетін каналдар арқылы санитарлық талаптарға сай емес ашық су көздерінен алса, жекелеген елді мекендер минералдылығы жоғары жер асты су көздерін пайдаланады. Осы мәселені шешу үшін, өңірде «Түркістан облысындағы Өгем өзеніндегі су электр станцияларының каскады мен су құбыры» жобасын іске асыру жоспарланып отыр.

«Бұл жоба бойынша Өгем өзенінен орташа жылдық ағысы 3,5 м3/сек көлеміндегі суды бұру арқылы ауыз су ретінде пайдалану және каскадты су электр станцияларын (ГЭС) салу негізінде 165 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді», - деді Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Сәкен Далиев.


Ашы қ к ө здерден алын ғ ан фото



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT