Түркияда Конституцияға өзгеріс енгізу мақсатында үш референдум өткен – Мухаррем Аккайя
2022 жылғы 5 маусым 17:21

Түркияда Конституцияға өзгеріс енгізу мақсатында үш референдум өткен – Мухаррем Аккайя

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда өтіп жатқан референдум - ел халқына, еліне және болашақтағы демократиясы үшін игілікке бастайтын жол болады. Бұл пікірді Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухаррем Аккайя айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мұнда жиналуымыздың себебін жақсы білесіздер, Қазақстан Конституциясының үштен біріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы құрметті Нұрлан Әбдіров мырзаның арнайы шақыруымен референдумға халықаралық байқаушы ретінде қатысып отырмыз. Осыдан 1-2 күн бұрын Түркістан қаласына ұшып келдік, онда да референдумға дайындық жұмысын өз көзімізбен көрдік. Одан кейін елордаға келіп, бұл жақтағы дайындық жұмыстарымен таныстық. Ұйымдастыру жұмысының жоғары деңгейде екенін, көп еңбек атқарылғанын, барлығы өз ретімен, жүйелі түрде жүзеге асқанын көріп отырмыз. Бүгін де таңертең бірнеше дауыс беру учаскесіне барып үлгердік, онда халықтың референдумға деген қызығушылығы жоғары екенін, белсенді қатысып жатқанын байқадық. Және біз барған учаскелердің бәрінде дауыс беру процесі тәртіппен жүйелі түрде өтіп жатқанын көрдік», - деді М. Аккайя Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында.

Түркия өкілі референдумның үнемі және жиі қолданылатын құрал емес екенін, бірақ демократияға жол бастайтын бірден-бір құрал екенін атап өтті.

«Қазақстанда да 27 жылдан кейін референдум өтіп отырғанын да білеміз. Осы референдумның Қазақстан халқына, еліне және болашақтағы демократиясына игілікке бастайтын жол болады деген үміттеміз. Одан бөлек, менің білуімше Түркияның Анкара, Ыстанбұл, Анталия, Адана қалаларындағы Қазақстанның дипломатия өкілдіктерінде Қазақстан азаматтарының дауыс беруіне жағдай жасалған. Осы орындарда сайлау учаскелері ұйымдастырылған. Біз бүгін Түркия атынан Жоғары сайлау кеңесінен екі кісі келіп отырмыз, бірақ бұдан бөлек Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы, яғни ТүркПА құрамындағы депутаттардың да Қазақстанға келіп, өздерінің байқаушылық қызметтерін жүргізіп жатыр», - деді ол.

Сонымен бірге, Қазақстан ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровпен жасаған екіжақты кездесуде тараптар екі елдің сайлау ұйымдарының арасында ынтымақтастықты одан әрі дамыту, қарым-қатынастарды нығайту жолында нақты қадамдар жасау жөнінде уағдаласқан.

Сөз соңында спикер референдум құралының Түркияда қаншалықты жиі қолданылатынын айтып берді.

«Түркияда осы уақытқа дейін референдум тек қана Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мақсатында ғана жүргізілді. Бұл Түркия тарихында үш рет жүзеге асырылды – 1986, 2010 және 2017 жылдары, үшеуінде де шешім қабылданды», - деді Мухаррем Аккайя.

Бұған дейін Халықаралық Түркі академиясының байқаушылары Қазақстандағы референдумды жоғары қызығушылықпен бақылап отырғанын айтқан еді.

Олар таңғы 7-ден бері референдум учаскелерін аралап жүр.

Сонымен бірге, Қырғызстаннан Қазақстанға 15 халықаралық байқаушы келді. Олар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Жамбыл және Алматы облыстарында жұмыс істеп жатыр.

Жалпы Орталық референдум комиссиясы халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 272 өкілді байқаушы ретінде аккредиттеген.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT