Түрмеден шыққан жастарды бейімдеу жобасы басталды
2022 жылғы 7 сәуір 15:55

Түрмеден шыққан жастарды бейімдеу жобасы басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жазасын өтеп шыққан азаматтарға барлық уәкілетті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар көмектесе алады. Бұл бағыттағы шаралар арнайы гранттық жоба аясында қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мәліметінше, бұл жоба республиканың 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылады.

«Біз Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Қостанай, Маңғыстау, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласын бөліп, жобаны осы өңірлерде пилоттық режимде іске асыруды ұсынамыз. Бұл аймақтарда біздің модератор-мамандардың көмегі көрсетілетін әлеуметтік бейімдеу қызметтері жұмыс істейтін болады», - деді жобаны таныстырған «Антарес А» қоғамдық қорының үйлестірушісі Оксана Павлицкая.

Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде жазасын өтеп шыққан жастарды жұмыспен қамту үлесі артады деп күтілуде.

Жоба аясында қоғам белсенділері пробация қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге жұмыс істейді. Сондай-ақ, жазасын өтеп шыққандар құқықтық және психологиялық кеңес ала алады.

«Біз түрмелердегі азаматтармен қосымша ақпараттық кездесулер өткіземіз. Сондай-ақ жабық типті мекемелерде жазасын өтеп шыққан жандарды босатуға дайындықты бастаймыз. Бостандыққа шыққан жастар қайда бару керектігін, жұмысқа орналасуы, қоғамға бейімделуі үшін оларға кім көмектесе алатынын біледі», - дейді Оксана Павлицкая.

Оның айтуынша, түрмеден шыққан қазіргі жастар негізінен шағын бизнес пен құрылыс саласында жұмыс істейді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT