ҮЕҰ-лерді қаржыландырудың градуирленген гранттар жүйесі енгізілмек
2022 жылғы 1 сәуір 14:42

ҮЕҰ-лерді қаржыландырудың градуирленген гранттар жүйесі енгізілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың градуирленген гранттар жүйесі енгізілмек. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаровтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гранттық қаржыландыру саласында орын алған проблемаларды шешу үшін министрлік қазіргі уақытта халықаралық тәжірибе негізінде азаматтық қоғам сарапшыларымен бірлесе отырып, гранттық қаржыландыру саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Гранттарды халықтың қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік беретін өзекті бағыттар бойынша пулдармен қалыптастыру арқылы гранттарды жоспарлаудың жаңа форматын енгізу ұсынылады. Бұл тетік халықаралық практикада кеңінен пайдаланылатын «төменнен жоғары» тәсілін енгізуге мүмкіндік береді және қоғамдық бастамалардың қазіргі кездегі күн тәртібіне икемделіп, жедел ден қоюды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, градуирленген гранттар жүйесін енгізу ұсынылады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, гранттың түріне қарай қаржыландыру көлеміне, іске асыру мерзімдеріне, ҮЕҰ үшін конкурсқа қатысу шарттарына қойылатын әртүрлі талаптар, есептілікке қойылатын талаптар айқындалады. Мұндай тәсіл гранттық қаржыландыру рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы» заң жобасында көзделген.

«Ол бүгінгі күні ҚР Мәжілісі депутаттарының қарауында жатыр. Жұмыс тобының 13 отырысы және заң жобасын бірінші оқылымы өткізілді. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап грант беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында грант алушыларды айқындау жөніндегі сараптамалық комиссиялардың отырыстары гранттық қаржыландыру операторының сайтында және әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, сараптама комиссиясының мүшелері тікелей эфирде кездейсоқ әдіспен Сарапшылар тізіліміне енгізілген адамдар қатарынан қалыптастырылады», - деді Асқар Умаров.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT