Үкімет мемлекет қарызын басқаруға қатысты бірқатар шара қабылдауда
2022 жылғы 20 маусым 12:08

Үкімет мемлекет қарызын басқаруға қатысты бірқатар шара қабылдауда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде мемлекет қарызы қауіпсіз деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет қарызының өсуі республикалық бюджет тапшылығын жабу қажеттілігімен және маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін қарыз алумен байланысты болды. Былтырғы жылдың қорытындылары бойынша мемлекет борышының деңгейі жалпы ішкі өнімге шаққанда 27,4 пайызды құрады және бүгінгі таңда қауіпсіз деңгейде сақталып отыр», - деді Е. Жамаубаев.

Осы орайда ол бұл көрсеткіш халықаралық қаржы және рейтингтік ұйымдардың бағалауларымен де расталғанын жеткізді.

«Дегенмен, мемлекет қарызын басқаруды одан әрі жетілдіру үшін келесідей шаралар қабылданады. Біріншіден, бюджет тапшылығы кезең-кезеңімен азаятын болады. Бұл борыштың өсу қарқынын төмендетуге ықпал етеді. Екіншіден, көлеңкелі экономикамен күресті белсенді түрде жалғастырамыз. Осы орайда әкімшілендіруді жақсарту және цифрландыру арқылы салық түсімдері біртіндеп ұлғайтылады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан басқа, заңнамада сыртқы қарыз қаражатын уақтылы игермегені үшін мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігін белгілеу жөнінде норма қабылданғанын атап өту керек.

«Жалпы, Үкімет жүйелі түрде мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор борышының қалыптастырылуына және басқарылуына бақылауды күшейтетін болады. Осы тұрғыда 2030 жылдарға дейін мемлекеттік қаржыны басқару концепциясы қабылданатын болады», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ерұлан Жамаубаев депутаттардың бюджетке қатысты ұсынымдары Үкімет жұмысында ескерілетінін айтты.

Жекешелендіруге жататын нысандар тізіміне енгізу үшін бірқатар басты критерийлер бекітілді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT