Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталуының символикалық мәні бар – Еділ Жаңбыршин
2022 жылғы 16 маусым 13:56

Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталуының символикалық мәні бар – Еділ Жаңбыршин

ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысының Ұлытауда өтуінің тарихи символикалық мәні бар. Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Еділ Жаңбыршин ҚазАқпарат тілшісіне осындай ойын бөлісті.

«Құрылтайдың үлкен символикалық маңызы бар деп есептеймін. Референдумнан кейінгі бір елдің басын біріктіру арқылы өтіп жатқан алқалы отырыс деп білемін. Сондықтан, бұл жерде бірінші күтетінім – бүкіл қазақтың, елдің басын біріктіретін алқалы жиында үлкен идеялар, пікірлердің айтылуы», - деді депутат.

Сондай-ақ, ол қазақтың басына ауыр сынақ түскенде түйіні осы Ұлытау төрінен тарқатылғанын да еске алды.

«Елдің басына күн туған кезде ата-бабамыз осы жерде жиналып, елдік мәселелерді, тіпті геосаяси мәселелерді шешкен. Алтын Орданың құрылуына себепші болған, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның жеті жарғысы жазылған орындар ғой. Бұл жерден хандар тек қазақ халқына ғана емес, елдің төрт тарабына түгел билігін жүргізген. Бұл жердің сондай үлкен символикалық маңызы бар. Референдумнан кейінгі Қазақстанның жаңа траекториясын бас қосып шешеді деген ойдамын», - дейді Еділ Жаңбыршин.

Айта кетейік, бүгін Президент жаңадан құрылған Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келген болатын.

Осы сапар аясында Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT