Ұлттық ұлан академиясын 200-ге жуық жас лейтенант бітіріп шықты
2022 жылғы 19 маусым 05:10

Ұлттық ұлан академиясын 200-ге жуық жас лейтенант бітіріп шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында ҚР Ұлттық ұланы академиясын 191 жас лейтенант бітіріп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, соның ішінде 13-і академияны үздік тәмамдады.

Қазақстандық түлектермен қатар Қырғыз Республикасының екі өкілі және Тәжістаннан тоғыз жас диплом алды.

Лейтенант шенін салтанатты түрде табыс еткеннен кейін жиналғандар алдында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары, генерал-майор Жандос Омарқұлов сөз алды.

«Академия қабырғасында алған терең теориялық білім, жан-жақты кәсіби және моральдық-психологиялық дайындық әскери өмірде өз мақсат-мұраттарыңызға жетуге негіз болып, біліктіліктеріңізді жетілдіре түсуге септеседі», деді Ж.Омарқұлов.

Сондай-ақ СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Тәжікстан ІІМ Ішкі әскер қолбасшысының тәрбие-саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Музафар Чабборзода жас мамандарды дайындап шығарғаны үшін академия басшылығы мен профессор-оқытушы құрамына ризашылығын білдірді.

Биыл аталған әскери оқу орнына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде академия қабырғасынан 4 мыңдай жас офицер түлеп ұшты. Олар Ұлттық ұлан, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі және басқа әскери құрылымдарды толықтырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан Ұлттық ұланы 22 офицермен толыққанын жазған болатынбыз.




Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT