Вице-премьер Ақмола облысы тұрғындарының табысын арттыру бойынша кеңес өткізді
2022 жылғы 15 маусым 22:29

Вице-премьер Ақмола облысы тұрғындарының табысын арттыру бойынша кеңес өткізді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кеңес өтті. ҚазАқпарат бұл туралы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кеңеске орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері және басқалар қатысты.

«Бағдарлама индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамытумен ұштасатын халықтың табысын арттыруға және нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ өнеркәсіпте жаңа кластерлер құру, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдауды қамтамасыз ету, ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ ілеспе міндеттемелерді іске асыру есебінен жұмыспен қамтудың түрлі шараларын іске асыруды ұлғайту жоспарлануда. Жалпы, биыл бағдарлама бойынша 444 мың орын құру болжанып отыр, оның ішінде 178,5 мың орын қазірдің өзінде іске қосылды», - деді Ералы Тоғжанов.

Отырыс барысында әр бағыт бойынша облыс әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.

Оның айтуынша, өңір экономикасының негізгі саласы ауыл шаруашылығы болып табылады.

«Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 745 млрд теңгеден асты. Биылғы жылы жаздық егіс көлемі 5,1 млн гектарға дейін ұлғайтылды, бұл ретте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алаңы 4,6 млн гектарға дейін кеңейтілді», - деп атап өтті өңір басшысы.

Облыста халықтың табысын арттыру және нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы орташа жалақы 22% көбейді. Халықтың табысы да артты.

Кеңесте сондай-ақ, «Аманат» партиясы ұсынған «Ауыл Аманаты» жобасы туралы айтылды. Оның аясында 2400-ден астам ауыл әкімін оқыту жоспарланған.

Кеңестің екінші бөлімінде «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Анар Рақымбаевамен, білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповпен отбасы және жетімдік мәселелері қаралды.

Іс-шара соңында вице-премьер барлық қабылданып жатқан шаралар мен бастамалар бірінші кезекте халықтың табысын арттыруға және жұмыс орындарын құруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT