Ядролық қарудан бас тарту қауіпсіз әлемде өмір сүруге кепілдік береді - Мұхтар Тілеуберді
2022 жылғы 20 маусым 00:06

Ядролық қарудан бас тарту қауіпсіз әлемде өмір сүруге кепілдік береді - Мұхтар Тілеуберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 21-23 маусым аралығында Венада Ядролық қаруға тыйым салу шартына (ЯҚТСШ) қатысушы мемлекеттердің алғашқы кездесуі өтеді. Осыған орай Liter.kz Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің мақаласын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр қаңтарда күшіне енген мәжбүрлі емес ядролық қарусыздандыру туралы шарт - БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің болшақта нақты шаралар қабылдауға дайын екнін көрсеткен алғашқы қадам. Бұл әсіресе ядролық сынақтардан зардап шеккен халқымыз үшін ерекше оқиға.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде Қазақстан өзінің зымырандық-ядролық арсеналынан ерікті түрде бас тартқан және жер шарындағы ең ірі сынақ полигонын жапқан ел ретінде дүниежүзіне танымал. Бұл өзге мемлекеттерге үлгі болуы тиіс», - деді.

Жарты ғасыр бойы біздің даламызда атмосфералық, жерүсті және жерасты сынақтары өткізілді. Оның салдары полигоннан 18 мың шаршы шақырым жерде тұрған 1,5 млн-ға жуық қазақстандықтың денсаулығына теріс әсер етті. Еліміздің шығыс бөлігінде радиациялық ластану әлі күнге дейін сақталып отыр.

Семей полигоны жабылған 29 тамыз күнін БҰҰ Бас ассамблеясы халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл күннің символдық маңызын ескере отырып, 2019 жылы Қазақстан БҰҰ хатшылығына ЯҚТСШ ратификациялау туралы құжатты табыстады.

КСРО ыдырағаннан кейін оның ядролық арсеналының едәуір бөлігі елімізде қалды. Сол уақытта Қазақстан әлемнің төртінші ядролық державасы мәртебесінен өз еркімен бас тартты. Ал 1993 жылы Ядролық қаруға тыйым салу шартына қосылды.

Бүгінде БҰҰ-на мүше елдер арасында қарусыздандыру жөніндегі шартқа қастысты келіспеушіліктер бар. Сондықтан біз түйткілді тұстардың шешімін биыл тамызда өтетін ЯҚТСШ конференциясы нәтижесінде қабылданатын құжатта бекітуді ұсынамыз.

Ядролық қарусыздандыру саласында шектеу қойылатын бірқатар міндетті құқықтық нормалар бар. Шартқа сәйкес, ядролық қаруды немесе ядролық жарылғыш заттарды өндіруге, сынауға, сатып алуға, беруге және өз аумағында сақтауға тыйым салынады. Осылайша адамзат тарихында тұңғыш рет ядролық қару заңсыз деп танылды.

Ядролық қаруы бар ел шартқа қосыламын десе, онда ол мемлекет барлық арсеналын жоюы тиіс. Сол сияқты аумағында жойғыш қару орналастырған ел де территориясынан толық арсеналын шығарып тастағаннан кейін ғана қосыла алады. Шартта қарусыздандыру уақыты мен нақты шараларына қатысты талаптар жазылмаған. Оны ЯҚТСШ бірінші конференциясы аясында бекіту жоспарлануда.

Қазақстанның бастамалары Ядролық қаруға тыйым салу шартының бірінші конференциясын ұйымдастыруға ұйытқы болды. Мәселен, Қазақстан мен Кирибатидің (Тынық мұхитындағы осы аралда 39 ядролық сынақ жүргізілген) бастамасы бойынша ядролық сынақтардың құрбандарына қолдау көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтірумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Аталған жоба нәтижесінде сынақтан зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру үшін халықаралық сенім қорлары құрылады. Олар қажетті жұмыстырды қаржыландырумен айналысады. Бұл еліміздің аталған процесске қосқан елеулі үлесі деп білеміз.

Осы орайда ЯҚТСШ конференциясына ядролық сынақтардан зардап шеккен қазақстандықтар мен Тынық мұхитында орналасқан аралдардың азаматтары қатыса алатынын айта кеткен жөн.

Шартта көрсетілген міндеттемелерді орындау үшін қандай да бір мемлекет басқа қатысушылардан және халықаралық құрылымдардан көмек ала алады. Қазақстан ТМД кеңістігінде аталған шартқа қосылған жалғыз мемлекет. Сондықтан еліміз Орталық Азия аймағындағы ЯҚТСШ қатысушылар санын арттыру бағытында жұмыс істеуде.

Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан 2006 жылы аймақтағы көршілерімен бірлесіп Семей шартын құрды. Осының негізінде біз ядролық державалардан кепілдік алдық. Яғни, олар шартқа мүше елдерге қарсы аталған жою қаруын қолданбайды. Осындай келісімге Ұлыбритания, Қытай, Ресей және Франция қол қойды. Аталған мемлекеттерге алғысымызды білдіреміз.

Сондай-ақ, Ядролық қаруға тыйым салу шарты белсенді азаматтық қоғамның арқасында танымал болғанын айта кеткен орынды. Мәселен, Қазақстан бірқатар еуропалық елдің (Швейцария, Швеция, Финляндия, Германия және Норвегия) ЯҚТСШ бірінші конференциясына бақылаушы ретінде қатысу шешімін қолдайды.

Қазақстан адамзаттың қазіргі және болашақ ұрпақтары алдында жоғары жауапкершілік үлгісін көрсетуді жалғастырады. Осы орайда Қазақстан бастамасы бойынша 2015 жылы 8 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында қабылданған Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын да атап өтпеске болмайды. Декларация ядролық қаруды қолдануға немесе қолдану қауіпін төндіруге қарсы абсолютті кепілдік алуға шақырады.

Өткен жылы аталған қарарды БҰҰ-на мүше 141 мемлекет қолдады. Бастаманы Үндістан мен ядролық қаруы бар Солтүстік Корея және Иран да қуаттауға ниет білдірді.

Халықаралық құқық шеңберінен тыс ядролық қарудан бас тарту өзге де мемлекеттердің көзқарасы мен позициясын өзгертті. Сондықтан Қазақстан державалар мен шартты қолдаушылар арасындағы ұстанымды жақындастыру үшін ұдайы диалогке шақырады. Бұл қазіргі күрделі геосаяси жағдайда аса қажет. Шартқа қосылуды ілгерілету - еліміз төрағалық ететін Бас Ассамблеяның 77-ші сессия барысында жүргізілуде.

Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қою – қауіпсіз әлемде өмір сүруге мүмкіндік береді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш айтқандай, бүгінде әлемде 13 мың 400-ге жуық ядролық оқтұмсық таралған. Бұл қырғи-қабақ соғыс кезеңінен де ауыр жағдай қалыптастырып отыр. Украинадағы әскери қақтығыс, ядролық қаруды қайтару, оны қолдану туралы әңгімелер шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр етеді.

Қазақстанның ядролық қарусыздандыруға қосқан үлесі – халықтар мен елдерді аталған жою қаруынан бас тартуға шақыру, насихаттау. Осыны ескере отырып, Қазақстан биыл 2022 жылы ЯҚТСШ бірінші кездесуінде төраға орынбасары, ал 2024-2026 жылдары үшінші кездесуде төрағалық етуге ниетті.

Біз барлық мемлекеттерді, соның ішінде ядролық державаларды 2045 жылға дейін қаруды толық жоюдың кезеңдік жоспарын әзірлеуге шақырамыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ұсыныстар мен уағдаластықтар ЯҚТСШ бірінші конференциясының қорытынды құжатына енгізу жоспарланған. Қазақстан бұған жету жолында көптеген саяси және техникалық кедергілер бар екенін түсінеді. Сондықтан практикалық жұмыстарға кірісу қажет деп санаймыз», - деп жазды ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Мақала Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасында өтетін алғашқы кездесу қарсаңында отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне арнап жазылған.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT