Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады

2022 жылғы 4 қазан, 09:31
Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) орта салмақ санатындағы чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (12-0,8 КО) кезекті жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көптеген боксшылар жан-жаққа қашқан кезде, шақыруды қабыл алғаны үшін Дензель Бентлиге алғыс айтамын. Лас-Вегастағы The Palms-та әлем чемпионы атағын қорғау мен үшін үлкен құрмет және әлемге «Қазақ стилі» не екенін тағы бір рет көрсететін боламын», — деп келтірілген Әлімханұлының сөзі ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында.

Сондай-ақ қазақстандық боксшы Instagram-дағы жеке парақшасында: «Вегаста көріскенше! Көзілдірік тағып кел, себебі мен рингте жарқырайтын боламын. Qazaq Style», - деген жазба орналастырды.

Айта кетейік, кеше Top Rank промоутерлік компаниясы Ж.Әлімханұлы – Д.Бентли (17-1-1,14КО) жекпе-жегін ресми түрде жариялаған болатын. «Сенбі, 12 қараша күні Palms-тегі турнирде әлем чемпионы атағы үшін екі жекпе-жек өтеді», - деп жазды Top Rank Instagram-да.

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы биылғы 22 мамырда британиялық Дэнни Дигнумды (14-0-1, 8 КО) екінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO нұсқасы бойынша орта салмақта «уақытша» чемпион атанған еді.

Кейін Америка боксшысы Деметриус Андраде Ж.Әлімханұлымен міндетті жекпе-жектен бас тартты. Осыған байланысты, қазақстандық боксшыға «уақытша» чемпионнан орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша толық құқылы әлем чемпионы мәртебесі берілді.

Қазақстандық боксшыны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.


Фото: vk.com/kazproboxing


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar