Жетісу және Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директорлары тағайындалды
2022 жылғы 21 маусым 03:10

Жетісу және Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директорлары тағайындалды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Алматы және Жетісу облысындағы кәсіпкерлер палатасының директорлары тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Меритократия қағидаты бойынша Жетісу облысы өкілдігінің директоры болып Алматы облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Дәурен Оңалбаев, Алматы облысы өкілдігінің басшысы қызметіне Ұлттық кәсіпкерлік палатасы агроөнеркәсіп кешен департаменті директорының орынбасары Қуандық Чункунов тағайындалды.

«Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың Талдықорған қаласындағы Алматы облысы өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесуі барысында кандидатуралар қаралып, бірауыздан қолдау тапты.

«Екі үміткер де өте тәжірибелі, жауапты лауазымға лайық. Біз Дәурен Оңалбаевтың жұмыс нәтижесімен таныспыз, өңірлік палатаны басқарды. Қуандық Чункуновтың ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар екені қуантады. Төралқа төрағасы тарапынан жақсы ұсыным айтылды. Өйткені, жаңадан құрылған Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенді де дамыту қажет. Алматы айналасындағы азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету міндеті тұр», - деді өңірлік кеңес мүшесі Бақыт Атайбеков.

Еске салайық, 2022 жылдың 8 маусымында ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығы күшіне енді. Нәтижесінде жаңадан құрылған өңірлерде кәсіпкерлер палатасы ашылып жатыр.

Жаңа өңірлік палаталарды құру съездің айрықша құзыреті болғандықтан оны өткізгенге дейін Қонаев қаласында ҰКП өкілдігі жұмыс істейді.

«Бұл мәселені заңгерлермен және Әділет министрлігімен бірге талқыладық. Кәсіпкерлер палатасының қызметін үзбеу үшін Алматы облысының өңірлік палатасын Жетісу облысы деп өзгерту және Алматы облысының Қонаев қаласында ҰКП өкілдігін құру туралы шешім қабылданды. Бүгін облыс әкімдерімен кездесуде осы мәселелер бойынша міндеттерді айқындаймыз», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT